Сел салдарынан 5 жастағы қызынан айырылған ана ауруханада есін жиды

17.05.2022 01:31

Құтқару қызметі мамандарының айтуынша, қалпына келтіру жұмыстары 1-2 күнге созылуы мүмкін

Almaty.tv

«Мен әнші боламын». Текелідегі лай көшкінен қаза тапқан бес жастағы қыздың анасы Гүлнәр Тілеухан қаршадай Жанботамның арманы асқақ еді деп қайғыдан қан жұтып отыр. Біздің арна тілшісіне берген сұхбатында апатты әлі үреймен еске алатынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатты дүрсіл естіліп, содан моншаның керегесі қарс айрылып түскеннен соң, терезесінен әрең қашып шыққанын айтады. Қатты соққыдан есі танып қалған Гүлнәр Тілеухан  ауруханада ояндым дейді.

Қас пен көздің арасында баспанасы жермен жексен болған азамат кешегі күнін қорқынышпен еске алады. Ажал құшқан қызы үйдің кенжесі екен.

«Бір күн кешке дейін алысты ғой. Таба алмай. Кешкі жетілерде тапты. Ақылды, сүйкімді болатын. Мен әнші, биші боламын деп теледидардағы балалардың әнін түгел білетін. Міне, үй тауып берді. Бар жақсылығын көрсін. Құдай ешкімді баламен сынамасын», – деді марқұм қыздың анасы Гүлнәр Тілеухан.

Марқұм болған қыздың анасы қазір қонақ үйге орналасыпты. Жергілікті әкімдік баспана мәселесі шешілгенше, қосымша көмек көрсетіледі депті.

«Баспана жағынан көмек береміз. Ал Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев қазір қара жамылған отбасына баспана беру мәселесін қарастырып жатыр», – деді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов.

Ал Құтқару қызметі қалпына келтіру жұмыстары 1-2 күнге созылуы мүмкін екенін айтады. Өйткені жардың басында, қол жетпейтін қиын аумақтарда да апатты үйлер бар дейді.

Жар басындағы үйдің  қабырғасы қарс айрылып, құлауға сәл-ақ тұр. Куәгерлер лай көшкіні осы тұстан басталды дейді. Олардың айтуынша, жолындағыны жапырып, таспен топырақ аралас көшкін тас жолды жауып қалған. Тұрғындардың кейбірі лай көшкінін табиғи апат десе,  енді бірі басқа да себептер болуы мүмкін деп болжам жасайды.

«Дәл қазір мына ағаштың бәрі қисайып тұр. Мен қалай тыныш ұйықтай алам? Текеліде екі күннің бірінде жаңбыр», – деді Текелі қаласының тұрғыны Лейсан Тухабаева.

Ал жағдайды бақылауға алдық деген Жетісу-Алатау аймақтық Қазселденқорғау мамандары бұл маңда қауіпті 6 аймақ барын айтады.

«Бақылау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы таулы аймақтардағы тексерісті күшейтіп оларға қағаз нұсқаулықтар береміз. Ең алдымен жер иесі ағын суды, суармалы суды бақылап отырса мынадай жағдай болмас еді», – деді «Қазселденқорғау» ММ Жетісу Алатау аумақтық пайдалану басқармасы филиалының басшысы Мейрам Нұрымбетов.

Сонымен қатар мамандар мамыр айы жауын-шашынды болғандықтан көшкін қаупі таулы аймақтарда әлі де сақталады деп отыр.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы