Жаңбырдан кейін Ақтауда үйлер мен көшелер су астында қалды

07.08.2020 01:34

Мұнайлы ауданында да орын алған

Ақтауда үйлер мен көшелер және қала маңы су астында қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыс орталығының тұрғындары 5 тамыз күні түнде жауған жаңбырдың салдарын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліскен болатын. Онда көптеген ақтаулықтардың пәтерлері мен кіреберістерін түгелдей су алып, көпқабатты үйлердегі баспалдақтардан жауын суының ағып жатқанын көруге болады. Күтпеген жерден орын алған бұл жағдайға дайын болмаған қала тұрғындары су толған аймақтарды тазартып әлек. Маңғыстау облысындағы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, су тасқыны тек Ақтау қаласында ғана емес, сонымен бірге Мұнайлы ауданында да орын алған. Төтенше жағдай болған жерде арнайы бөлімшелер мен елдімекендердің әкімшілігі жұмыс істеуде.