Алматының Әуезов ауданында заңсыз жұмыс істеген 14 дәріхана анықталды

22.07.2020 04:40

Әуезов ауданындағы 205 дәріханаға 8 мобильді топ тексеріс жүргізеді

inform.kz

Алматыда құны 3 миллион теңгеден асатын 100-ден астам дәрі қаптамасы заңсыз сатудан алынды. Қала бойынша жүргізілген рейдтер кезінде базарлардың бірінен дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан бутик анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Дәріхананың фармацевтикалық қызметпен айналысуға тіпті лицензиясы жоқ болып шыққан. Ал бір ғана Әуезов ауданында карантин кезінде заңсыз жұмыс істеген 14 дәріхана тіркеліпті. Дәрі-дәрмек бағасын көтермелеп сатқандарға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қала аудандарының біріне рейдке шыққан әріптесім жалғастырсын.

Дәрі-дәрмектің заңсыз сатылымына және бағалардың шектен тыс шығып кетпеуіне жол бермеу мақсатында күнделікті Әуезов ауданындағы 205 дәріханаға 8 мобильді топ тексеріс жүргізеді. Бүгінгі мониторингтік топ аудандағы ірі деп саналатын дәріханалардың біріне кірді. Мұнда дәрі-дәрмек дефициті байқалмайды, әлеуметтік маңызы бар препараттар қоры жеткілікті екен.

«Қалада қалыптасқан жағдайға байланысты біз әкімшілікке өтініш беру арқылы жуырда 2 апталық қорға қажетті перпараттарды алдық. Оның құрамында дене қызуын түсірітін парацетамол, яғни азитромициндер, антибиотиктер, пневмонияны емдеуге арналған және вирусқа қарсы 3 мыңға жуық дәрілерді алдық. Қазір біз өз аймағымызда сатып алушыларды қамтамасыз етіп отырмыз», – деді дәріхана меңгерушісі Бекжан Жұмахан.

Әуезов ауданындағы роботтандырылған дәріханалық маркет қала бойынша жалғыз екен. Мұнда бағаларды қадағалау жөнінде арнайы комиссия құрылыпты. Олар дәрі-дәрмек құнының көтерілмеуін және заңға сәйкес келуін күнделікті бақылайды. Мамандар одан өзге дәрі-дәрмектерге уақытылы тапсырыс беріп, қорды толтырып отырады.  

Алматыдағы жалғыз роботтандырылған дәріханалық маркетте әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер сақталады. Бұл құрылғының артықшылығы –  қажетті препаратты робот базасына енгізу арқылы оған автоматтандырылған түрде қол жеткізуге болады. Бұл бір жағынан уақытты үнемдесе, екінші жағынан фармацевт маманның тұтынушыға толыққанды ақпарат беруіне мүмкіндік туғызады. Одан бөлек, бұл дәріханалық кешенде препараттарды сақтау ережесі де қатаң сақталған.

Әуезов ауданы бойынша бүгінде дәріханалардың 14 ірі желісі қала бойынша жұмыс атқаратын жеткізушілермен меморандумға қол қойған. Бұл дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмауға сеп болады.

«Қазіргі таңда 14 факт анықталып, соларға әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мобильдік топтың негізгі мақсаты –  дәрі-дәрмек заңсыз сатылымына жол бермеу және шектеулі бағалардың шектен тыс шығып кетпеуін бақылау. Қазіргі уақытта дәріханаларда дәрінің дефициті байқалмайды», – деді Әуезов аудандық кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қуаныш Құрманғалиев.

Ал, Алматы полицейлері дәрі-дәрмектің заңсыз сатылуына жол бермеу үшін тексерісті күшейткен. Осылайша, жүргізілген рейдтер кезінде қала базарларының бірінде дексаметазон, диклаберл, цефтриаксион дәрілері және басқа да препараттар сатып жатқан бутик анықталды. Сауда нүктесінде тауарларды жоғары бағамен және фискальды түбіртексіз сатқан. Ал Бостандық ауданында екі әйел, онлайн сауда алаңы арқылы Қытайдан шығарылған антибиотиктер сатқаны үшін ұсталды.  

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы