|
14.09.2021 | 20:34
4021

Жеңі жұлынып кетіпті – Жамбылдағы жарылыстан аман қалған әскер

Жамбылдағы жойқын жарылыс 17 адамның өмірін жалмады

Жамбылдағы жойқын жарылыс 17 адамның өмірін жалмады. Тағы бірі із-түзсіз жоғалған өрт сөндіруші әлі күнге дейін табылмай жатыр. Қаза болғандар негізінен алғашқы дүмпулер кезінде жалынмен арпалысқан  қызметкерлер болатын. Солардың арасында аман қалған Дидар Өмірзақов ауруханадан үйіне оралды. Жантүршігерлік жағдайды өз аузынан естіп келген Almaty.tv тілшісінің бейнематериалын көріңіз.

Дидар Өмірзақов 26 тамызды күрсіне ауыр еске алады. Себебі жанындағы жұмыстас жолдастарының біразы сол күнгі оқиғадан соң бақилық болды. Күнделікті шақыртуға шыққан 3 өрт сөндіру көлігі жарылыс орнына барады. Бірақ көмек көрсетуге жеткен қызметкерлер оқиғаның бұлай өріс аларын ойламаған еді.

«Біз жаңағы жанып жатқан қоймадан шамамен 20-30 метр жерде тұрдық. Біз Микропуло деген подполковниктен тапсырма алып, енді дайындалып жатқанда жарылыс болып кетті. Содан жан-жаққа бізді лақтырып жіберді. Жан-жағымыздың барлығы қараңғы, шаң, ар жақ жанып жатыр. Жеңі жұлынып кетіпті менікінің. Басымыздағы каска болатын ол да жоқ. Одан соң мен жанымдағы жолдасым Жәнібекті іздей бастадым. Бір-бірімізді тауып алдық та, мына жерден шығайық деп шамалы жүрдік. Сөйткен кезде тағы бір жарылыс болды. Бізді тағы лақтырып жіберді. Қоймалардан шықсақ үлкен акоп бар екен. Сол акопқа барып», – деді қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Дидар Өмірзақов.

Жарылыстан зардап шеккендер сол акопта жан сақтағандарын айтады. Одан соң біраз дүмпулер болған көрінеді. Кейін бәсеңсігенде көмек келіп, алдымен ауыр жарақаттанғандарын салып жібердік дейді. Дидардың өзі де ауыр жарақат алған. Қос құлағы зақымданып, басы жарылған, денесін 20 пайыз күйік шалған. Құтқарушы қазір тек қаза тапқан жолдастарының отбасына көңіл айтады.

«Енді солай болды енді. Әйеліне, анасына, ағасы бар, соларға қайғырып көңіл айтамын», – деді Тараз қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Дидар Өмірзақов.

Еске  салсақ, өткен сенбіде өрт сөндіруші Жәнібек Тұрманов қайтыс болған еді. Ол бұған дейін Нұр-Сұлтандағы травматология және ортепедия ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында ем алып жатқан еді. Артынан екі баласы мен жұбайы қалды.

Мерей Бает, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир