Шамалғандағы пойыз-автобус қақтығысы: 5 жастағы Інжу әлі күнге жүре алмайды

31.01.2020 01:34

Апат болған 5 айдан бері автобус паркінің өкілдері үйге келіп, жағдайларын сұрауға жарамапты

Шамалғандағы жантүршігерлік оқиғадан зардап шеккен қос балапанның жағдайы жақсарып келеді. Десе де миына айтарлықтай зақым келген 5 жастағы Інжу әлі күнге дейін өздігінен жүре алмайды. Отандық дәрігерлер қолдан келгенді жасағанымен, одан әріге  дәрменсіз. Онсызда пәтер жалдап тұрып жатқан отбасының бар ауыртпалығы отағасы Бағлан Мұхтарұлына түсіп отыр. Апат болған күннен бастап жолдасы мен қыздарының қасынан бір елі ажырамай, олардың күтімімен өзі айналысып келеді. Балалардың ендігі жағдайы қалай болмақ? Пойыз соққан автобус паркінің өкілдері неге зардап шеккендердің хәлін сұрап, ат ізін салмаған? Кезінде елді шулатқан оқиғаның ізімен жапа шеккен отбасының қал-жағдайын сұрап барған Almaty.tv тілшісі Қуан Нұрақын тарқатсын.

Сол күнгі оқиғаны Эльмира мен оның жолдасы Бағланның есіне алғысы жоқ. Ең бастысы, төрт көзі түгел аман қалғандарына шүкіршілік етеді. Отағасының айтуынша, еліміздің ақ халаттылары қолдан келер көмекті аянып қалмаған. Айарудың басына операция жасалғанымен, Інжудің жағдайы ата-ананы әлі де алаңдатып отыр.

«Балалардың миына екі тырнақтың зақым тиген. Сол жан-жағындағы мидың функциясын алып кетсе жақсы болады. Алып кетпесе, бір Алланың қолында деді. Ақырындап алып кетуі де мүмкін. Бірақ енді емдету керек», - деді Шамалған ауылының тұрғыны Бағлан МҰХТАРҰЛЫ.

Әзірге Айаруды дәрігерлер шулы жерде көп болуға және ашуландыруға болмайды депті. Ал Інжуге қандай да бір ота жасаудан ақ халаттылар басында-ақ бас тартқан. Емханадан шыққанда қозғалыссыз жатқан бүлдіршіннің бүгінде аяқ қолы біртіндеп икемге келген. Аздап сөйлей бастапты. Себебі, миына айтарлықтай зақым келген ол өздігінен жүре алмайды. Сондықтан ата-ана баласының болашағына алаңдап, қол жетсе шетелдік дәрігерлерге көрсетсек деп отыр.

«Біз жақта да жоқ емес, жақсы дәрігерлер бар. Сонда да Кореяда көп мүмкіндік бар дейді ғой. Інжуімізді сол Кореяға апарып көрсетсек па деп едік. Үлкен қызымызды да көрсетсек артық болмас еді», - дейді жәбірленуші ЭЛЬМИРА ЖӘНІБЕКОВА.

Апаттан зардап шеккен жолдасы мен екі қызының күтімі отағасының мойнында. Туған-туыстары, әріптестері әлі күнге дейін қалдарын сұрап, қаржылай көмектесіп тұрады екен. Тек апаттың болуына себепкер автобус паркінің өкілдері ғана ат ізін салып үйге келіп, жағдайларын сұрауға жарамапты.

«Ешқайсысы келмеді.  Ауруханада жатқанда әйеліме барып кетті дейді. Операциядан шыққан кезде барған ғой деймін. Мен өзім ауруханда болдым. Ешкім келген жоқ. Ол түгілі бір хабар да алмады», - дейді Шамалған ауылының тұрғыны Бағлан МҰХТАРҰЛЫ.

Мән-жайды анықтау үшін біз де автобус паркіне ат басын бұрдық. Алайда жұмыс орнында басшыларының ешқайсысы болмай шықты. Эльмира Жәнібекова емханадан шыққанда осы мәселемен барған едік. Ол кезде парк басшысы жәбірленушілердің жағдайын білуге екі-үш күнде барып қайтамыз деген еді. Ал бүгінгі жауабы былай болды.

«Енді ол кісі айтып жатыр ғой соттың шешімін күтеміз деп. Барғанда біз ол кісіге не деп  барамыз. Кінәлі адам сияқты болып бармаймыз ғой. Сотты 4 ақпанға ауыстырды», - деді «Қаскелең авто паркі» ЖШС директоры Дәулет ЖАНДЫБАЕВ.

Сағызша созып соттың шешімін күтіп отырған парк өкілдері кінәлі немесе кінәсіздігі анықталғаннан кейін ғана хал сұрамақ. Ал, сынаққа мойымай келе жатқан ата-ананың бар арманы, қос балапына ем іздеп, тезірек жазылып кетуін тілеп отыр.

Апат болған жерде қазір жаяу жүргіншілер өткелі салынып жатыр. Былтырғы жылдың соңында басталған құрылыс осы жылдың мамыр айында пайдалануға берілмек.

Қуан Нұрақын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» телеарнасы