Карантин: Алматыда қылмыс деңгейі 70 пайызға төмендеген

15.04.2020 01:35

Төтенше жағдай енгізілгелі тәртіп сақтамаған 775 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Фото: Алихан Сариев

Алматыда автокөлік жүргізушісі алдында қатарласа жүріп бара жатқан көлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқыс жағдай Бөкейханов пен Черновицкая көшелерінің қиылысында орын алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Карантин кезінде жол көлік оқиғасына себепкер болған азаматқа қатысты қандай шара қолданылмақ? Жалпы қалада төтенше жағдай кезінде қанша қылмыс дерегі тіркелген?  

Осыдан бірнеше күн бұрын Бөкейханов пен Черновицкая көшелерінің қиылысында кешкі сағат 21.20-да автокөлік жүргізушісі алдында қатарласа жүріп бара жатқан көлікті соғып, оқиға орнынан қашып кеткен.  Неге екені белгісіз жол оқиғасына себепкер болған азамат сол жерден бой тасалаған.

Кейіпкердің сөзінше, белгісіз азамат бастапқыда полиция шақырмай келіспек болған көрінеді. Бірақ ұсынысы қолдау таппаған соң, оқиға орнынан қашып кеткен.  

«Ол кісі звондамай-ақ қойыңыз, өзіміз шешейік деді.  Сейфуллин көшесіде менің бір ТЖО-м бар, таныс ТЖО деді ме, соған барып жасатайық деп айтты. Сол кезде  мен ол кісінің аузынан ішімдіктің иісін сездім де, содан кейін жоқ мен звондаймын, ЖПП шақыртамын деп звондай бастап едім, ол ары қарай кетіп қалды да біреуге звондап жатты», – деді қала тұрғыны Шынар САТЫБАЛДИЕВА.

Осы сәтте жүргізуші көлігінің артқы нөмірін шешіп, тез арада бой тасалаған. Бірақ қалада бақылау құралы көп болғандықтан, қашқынды табу аса қиындық туғызбайды. Бір белгілісі, соққан адамның көлігі КИА маркалы, қара түсті машина. Қашып кеткен адам 35 жас шамасындағы ер азамат. Қалалық Полиция департаментінде белгісіз адамның кім екенін жуық арада анықтаймыз деп сендіріп отыр.

«Жетісу аудандық полиция басқармасына қарасты әкімшілік тәжірибе бөліміне берілген болатын. Бұл қызметкерлер өз өндірісіне алып, қазіргі таңда оқиға болған жерден бой тасалаған жүргізушіні анықтауға бағытталған іс-шараларды қолға алды. Ол міндетті түрде анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылатын болады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК

Қазір зардап шеккен азаматттың автокөлігі жүруге жарамсыз болып қалған. Көліктің артқы бөлігінің сау-тамтығы қалмаған. Соған қарағанда соққы қатты болғанға ұқсайды. Ал мұны жөндеу үшін кейіпкеріміздің қалтасына салмақ түсері анық. Сондықтан ол тез арада қашып кеткен азаматтың табылуына үміттенеді.

Полиция департаментінің мәліметінше, жалпы қаладағы қылмыс деңгейі 70 пайызға төмендеген. Төтенше жағдай енгізілгелі тәртіп сақтамаған 775 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Көшедегі көліктердің азаюына байланысты жол апаттарының да саны бәсеңдеген.

Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, Ялкунжан Әшімжанов,  «Алматы» арнасы