Синоптиктердің болжамына сүйенген қала әкімі үш күнде толассыз жауын-шашын болатын айтты
Мамыр мамыражай болмай тұр. Толассыз жауған жаңбыр салдарынан Шымкенттің шетіндегі Елтай елдімекенін су шайып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Табиғаттың тосын мінезіне төтеп бермек болған тұрғындарды түн ортасында эвакуациялауға тура келді. Отызға жуық үйді су басып, аулалар толды. Шаруашылық құрылыстары қирап, халық абдырап қалды. Төтеншеліктер каналдарды тазалап, арықтарды тереңдетіп жатыр. Апаттың беті қайтқанымен, жаңбыр тоқтамай тұр.
Әбден зәресі ұшқан тұрғындар толассыз жауынның салдары оңайға соқпағанын айтады. Баспаналары мен аулаларын судан қорғаштап, төрт-түліктерін құтқарып әлек. Төтеншеліктердің дер кезінде жеткен көмегінің арқасында адам шығыны жоқ деп отыр.
«Түнде жаңбыр басталған кезде дұрыс болды. Содан кейін айналамызды су басты. Сонымен қыздың үйіне барып жаттық. Малдың бәрін тастап кеттік, құжаттарымызды алдық. Бау-бақшаның бәрі су астында қалды. Мал-жан аман», – деді Елтай ауылының тұрғыны Сапаркүл ШЕРХАНОВА.
«Кешеден бері жарықты өшірген. Төтеншеліктер келіп, қырдағы мектепке адамдардың барлығын алып кетті. Содан үйде бір-бір адам мал-жанға қарап, қарауыл болып қалдық. Басқа не істейміз?» – деді Елтай ауылының тұрғыны Еркінбай РЫСБЕКОВ.
Сіркіреген жаңбыр бүгінде тоқтамай тұр. Сондықтан канал бойын күзеткен ағайын төтеншеліктердің жұмысын қадағалап қана қоймай, қол ұшын созуда. Барлығы жабылып таудан аққан тасты тазалап, каналдың бойын ашып жатыр. Ал, қатты нөсер салдарынан келген селдің деңгейі бір метрге жуық. Оны тездетіп тереңдетпесе, шығын саны артып кете ме деп қорқады. Нөсер сайын жанын шүберекке түйіп келген тұрғындар үлкен арық салу керектігін баса айтты.
«Міне, жағдайды көріп тұрсыздар. Судың деңгейі 1 метрдей болды. Жаңбыр қатты жауды, бәрін алып кетті ғой», – деді Елтай ауылының тұрғыны Байдулла ЖАЙЛАУОВ.
«Көрген кезде кез келген адам қорқатын шығар мына судан. Қорқынышты еді. Бұрын мұндай болмайтын. Сумен тасты алып келді. Талдарды да жұлып әкелді, тасқыны өте қатты болды», – деді Елтай ауылының тұрғыны Үзерхан БАБАШОВ.
Тасқыннан зардап шеккен 300 адам көрші ауылдағы мектепке эвакуацияланды. Отызға жуық үйге су кіріп, алпыстан аса ауланы сел шайды. Шаруашылық құрылыстары қирап, халық абдырап қалды. Таң атысымен шаһар басшысы Мұрат Әйтенов келіп, жағдаймен танысты. Зардабын жоюға және арнайы комиссия құруға пәрмен берді.
«Қазір комиссия құрып жатырмыз. Бәрін қарастырамыз. Халықты көшіру жағын қарастырамыз, бәрін қалыпқа келтіреміз. Уайымдамаңыздар», – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ
Синоптиктердің болжамына сүйенген қала әкімі үш күнде толассыз жауын-шашын болатын айтты. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы қауіпсіздікті күшейтіп, қатаң бақылауға алуды міндеттеді. Сонымен қатар, әкім жауыннан келетін қауіпті алдын ала болжай алмаған жауапты лауазымды азаматтарға тиісті шара қолданылатынын мәлім етті.