Бүгінге дейін мегаполисте қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 172-ге жеткен
Алматыда соңғы тәулікте 27 медициналық қызметкердің коронавирус жұқтырған анықталды. Оның 21-і әйел, 6-уы ер адам. Қауіпті індетті жұқтырғандардың ішінде аяғы ауыр 1 науқас бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Белгілі болғандай, соңғы анықталған науқастардың екеуінің жағдайы ауыр. Бүгінге дейін мегаполисте қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 172-ге жеткен. Дәл қазір 122 адам емделіп жатыр.
«Коронавирус анықталған 20 қызметкер шұғыл медициналық көмек көрсетуді жалғастырған. Қалалық орталық клиникалық аурухананың қызметкерлері болып табылады. 4 сәуірде тапсырған тест теріс нәтиже көрсеткен 7 адам – Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері. Әдетте, бұлар әртүрлі патологиясы бар пациенттер, олардың арасында ауру белгілерінсіз ағымы бар пациенттер болуы мүмкін, сәйкесінше бұл олардың вирусты жұқтыруына себеп болуы да мүмкін. Аталған факті бойынша қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Сондай-ақ, бүгін қаладағы екі аурухана карантинге жабылды. Олар қалалық клиникалық және балалар жұқпалы аурулар ауруханасы. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова хабарлады. Соңғы уақытта қалада вирус жұқтырғандардың күрт өсуіне бірден-бір себеп – тұрғындардың карантин кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтамауы. Сондай-ақ, мегаполистің бас санитар дәрігері қалада коронавирус ошағын анықтау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Коронавирус инфекциясының белең алып кетпеуі үшін, банк қызметкерлері, базарларда тұратын адамдар, құқық қорғау органдарының өкілдері де тексеруден өтеді. Мәселен, осы уақытқа дейін Құрлық әскерлері әскери институтының 383 қызметкері тексерілді. Сондай-ақ, «Жұлдыз», «Көк базар», «Магнум» сауда орындарының өкілдері арасында да медициналық тексеру жалғасуда.
«25 наурыздан бастап науқас қала бойынша қай ауруханаға түссе де, пневмония, ОРВИ болса да, бәрі коронавирус инфекциясына тексеруден өткізіледі. Оның бәрі бүгінгі күнде өткізіліп жатыр. Күн сайын түскен науқастардың бәрін коронавирус инфекциясына жібереміз. Оның арасында білесіздер, 2 науқас табылды», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
Сондай-ақ, Президент жарлығына сәйкес қаладағы дәрігерлердің 96 пайызы жалақысынан бөлек үстемақы алды. Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қосымша 460 млн. теңге медицина қызметкерлерінің тамақтануына және 20 млн. теңге тепловизор сатып алуға бөлінді.
«Бүгінгі күні медицина қызметкерлеріне 1063,3 млн. теңгеге төлем жүргізілді, бұл 96%-ды құрайды. Төлемдер жүргізу жалғасуда. Осы күннің соңына дейін медициналық жедел жәрдем қызметі бойынша қалған барлық сома екі карантиндік ұйымға төленетін болады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.