67 көпқабатты үй мен бірнеше нысан жылу және ыстық сусыз қалды
«Ескіні жамағанның есі шығады». Талдықорғанда тағы да жылу құбыры жарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін желтоқсан көшесіндегі жылу құбыры жарылып, 67 көпқабатты үй мен бірнеше нысан жылу және ыстық сусыз қалды. Оқиға сағат 2:00 шамасында болған. Бұл айналдырған 4 күннің ішіндегі екінші жағдай. Құбыр жүйесі 2008 жылы салынған. Сала мамандары қала бойынша жылу құбырларының 60 пайызға ескіргенін айтады. Ал оларды 15 жылда бір жаңалап отыру керек екен.
«Құбырдың тозығы жетті. Келесі қысқы маусымға дайындық барысында құбырды ауыстырамыз», – деді «Талдықорған жылусервисі кәсіпорыны» МҚК директорының орынбасары Дидар Сәбіров.
Қазір оқиға орнында жылыту жүйесі қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмысқа 20 техника мен 30-ға жуық адам жұмылдырылған. Әзірге көпқабатты тұрғын үйлер мен балабақшалар да жылусыз отыр.
«Таңертең тұрғанда суық болды. Балаларды жылы киіндіріп жүрдік. Осымен екінші рет өшіріп жатыр. Бірінші рет сағат 00:00-01:00 аралығында су берді. Су жоқ болса, жылу да жоқ», – деді қала тұрғыны Гүлшат Аяхметова.
«Түнгі сағат 2:00-ден бастап жылу жоқ. Ыстық су жоқ. Үй суып кеткен», – деді қала тұрғыны Самал Тұяқова
Жауаптылар күннің соныңа дейін олқылық жөндейтінін айтып, сендірді.
Эльвира Нұрланқызы, Абзал Нүсіп, «Алматы» телеарнасы, Талдықорған