Балалар үйінің тәрбиеленушісін соққыға жыққан: полиция тексеруді бастады

16.09.2021 в 01:38

Төбелестің негізгі себебі де әзірге белгісіз

Тәрбиеленушілердің төбелесі қызу талқыға түсті. Алматыдағы «Жанұя» мамандандырылған кешеніндегі екі оқушының келіспеушілігі әлеуметтік желіде кең тарап кетті. Ал, аталған мекеменің басшысы мұны заңсыз деп отыр. Балаларды соққыға жыққан кім? Жасөспірімдердің жайы қалай? Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас оқиға орнына барып қайтқан еді. 

«Оқиға балалар үйінде болған» дегенді білген желі қолданушылары кадрдағы екі адамның бірін тәрбиелеуші, бірін жасөспірім деп қабылдаған. Анығында, екеуі де арнайы кешеннің оқушылары. Төбелестің негізгі себебі де әзірге белгісіз.

Жаға жыртысқан оқушылар осы кешенде тәрбиеленеді. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған екі қыздың жасы 17 және 18-де. Ал, мұндағы мамандар аталған оқиғаның қашан болғанынан бейхабармыз дейді.

Тараған видеоны талқылаған көпшілік те, оны желіге салғандар да Заң талабының бұзылғанын ескермеген. Мекеме басшысының да айтары осы. Қашан болғаны белгісіз бейнені кеше кешке ғана көрдім деген директор түні бойы жауапты орындарға хабарласып, бүгін арыз түсірді. Негізгі сүйенері –  «Жанұя» кешеніндегі бала құқығының бұзылуы, жеке мәліметтердің сақталмауы. 

Айта кету керек, БАҚ туралы заңның 14-бабы бойынша: «Әкімшілік және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілген және (немесе) айып тағылған кәмелетке толмағандар туралы, олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынады» деп көрсетілген.

«Шынын айту керек, өзім де қорқып кеттім. Мен видеоны кеше кешке көріп, бірден тиісті орындарға жүгіндім. Көпшілік түсінуі керек, мұнда тек денсаулығында ауытқуы бар балалар тәрбиеленеді ғой. Сондықтан, менің қарауымдағы жасөспірімдердің құқығы қорғалуы керек, талабым – осы», – деді арнайы мамандырылған «Жанұя» кешенінің басшысы Марина дәулетбекова.

Бас прокуратура өкілдерінің мәліметше, кәмелет жасына толмағандардың ісі бойынша 1197 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Бұл тек жыл басынан бергі көрсеткіш. Ал аталған жайтқа қатысты тергеу амалдары бүгін басталды. Өз кезегінде түрлі ауытқуы бар балаларды бейімдейтін мекеме өкілдері «Бейнежазбаны кімнің, қашан түсіріп, не себеппен жариялағанын анықтау-бірінші мәселе»,- деп отыр.

«Алматы қаласының Полиция Департаменті осы факті бойынша Медеу аудандық полиция Басқармасы тексеру жүргізгенін хабарлайды. Қазіргі уақытта нақты жағдайларды анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілуде, нәтижесінде заңнамаға сәйкес шаралар қабылданатын болады», – деді Қалалық ПД баспасөз қызметінің инспекторы Дәулет Есмырзаев.

«Бұл мәселеде нақты, нәтижелі шешім қабылдануы керек. Аталған мекемедегі балалардың денсаулығын ескеру маңызды. Олар сезімдерін, қалауларын айта алмайды ғой. Түсінуіміз керек. Ал бала құқығы тек мүгедектік жағдайында емес, барлық кезде қорғалуға тиіс», – деді Аружан Саин.

Төбелестен бөлек, мына суреттер де әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызған еді. Мамандар бұл кадрлар «Жанұя» аумағында емес, арнайы бейімдеу ауруханасында түсірілген дейді. Дегенмен, нақты ақпар әлі де жоқ. Ал, өкілетті органдар аталған мәселеге қатысты тексеру жүргізіп жатыр.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков,«Алматы» телеарнасы

Теги: скандал