Компьютерлер мен жылыту батареяларын ұрлап кеткен
Алматының бас полицейі «қылмысты дер кезінде ашамыз» деп ауыз толтырып айтты. Бірақ, осы қыста мүліктерін үптеп кеткен ұрыларды таба алмай жүрген тәртіп сақшыларына балабақша қызметкерлері наразылық білдірді. Себебі өткен түнде қаладағы бөбекжайлардың біріне ұры түсіп, 1 млн теңгенің мүлкін қолды қылған. Жылыту батареяларын айтпағанда қылмыскерлер сәбилердің ас-ауқатын да алып кеткен деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Еркетай» балабақшасы қызметкерлерінің төбесінен бүгін жай түскендей. Таңертең әдеттегідей жұмысқа келген олар бөбекжайдың астаң-кестеңі шығып, шашылып жатқанын көреді. Сөйтсе түнде мектепке дейінгі бұл мекемеге ұрылар түсіпті. Сұғанақтар ғимаратты армансыз аралап, ішіндегі құнды мүліктерді қолды қылған. Балалар ойнайтын бөлмедегі жылу батареяларын шешіп, тіпті бүлдіршіндердің тамақтарын да ұрлап қашқан.
«Жоғарыдағы кабинетте компьютерімізді, принтерлерімізді, басқа да құнды заттарды алып кеткен. Тіпті жылыту батареяларын асықпай кесіп, суын ағызып ұрлап әкетіпті», - дейді «Еркетай» балабақшасы филиалының меңгерушісі Назигүл БОПИШЕВА.
Айласын асырғандар бөбекжайға балалар ұйықтайтын бөлмедегі терезеден түскен. Ойларына келгенін істеген олар мекемедегі құжаттарды да шашып, шаруашылық қызметкерінің қымбат құрал-жабдықтарын өздерімен бірге ала кеткен. Қызметкерлердің сөзінше, 80 бала тәрбиеленетін бұл бөбекжайға ұрылар әуес екен. Осы қыста бетперде киген 3 адам бұл жерден құны 400 мың теңгелік теледидарды үптепті. Бірақ, сұғанақтар әлі табылмаған.
«21 ақпан күні полицияға арыз жаздық. Бірақ одан еш нәтиже шыққан жоқ. болмаған соң әкімдікке көмек сұрап шағымдандық. Олар да көмектесе алмады. Енді бұл жолы не боларын білмеймін», - дейді Н.Бопишева.
Ғимарат іші түгелдей бейнекамерамен жабдықталған. Соны білген ұрылар бейнебақылау жүйесінің жазбасы бар процессорды да қолды қылыпты. Ал, қылмыс болған түнде күзетші сұранып үйіне кеткен екен.
«Қазіргі таңда осы іске қатысты барлық болжамдар тексеріліп жатыр. Болжам бойынша ұрыларға ақпаратты іштегі адам берген. Яғни, ұрылар күзетшінің жоқ екенін анық білген. Егер бұл болжам расталып, қылмысқа іштегі адамның қатысы бары анықталса, ол да міндетті түрде жазаланады», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Құзырлы орган өкілдері болған оқиғаға байланысты «бөтеннің мүлкін тонау» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру жұмыстары атқарылып жатқанын айтты. Олар бұл қылмыстың беті ашылып, күдіктілер көп ұзамай қолға түседі дегенге сендірді.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, Нұржан Оразбеков АТ