Жаппай уланған балалар: ауруханада жатқан 2 жеткіншектің жағдайы өте мүшкіл

foto-besplatno.ru
foto-besplatno.ru
Әлеуметтік мекеменің басшысы мен 12 қызметкер жұмыстан шығарылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандыда балалардың жаппай улануынан кейін әлеуметтік мекеменің басшысы мен 12 қызметкері жұмыстан қуылды. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

Қарағанды облысының медициналық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тағы 2 баланың уланғаны анықталды. Олар да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты. Алғашында 2 бала іш ауруы шағымымен келіп түссе, қазір науқастардың саны 14-ке жеткен.

– 30 шілдеде кешкі уақытта жедел жәрдемге қоңырау түсті. Бірден облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылды. Толық тексерістен кейін балаларды жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырдық, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Ал салғырттықтың салдарынан көз жұмған бала мүшел жасқа толған екен. Орташа ақыл-ой кемістігі бар жасөспірім мұнда көп уақыттан бері ем алып келген.

– Біздің мекемеде 10 жылдан бері ем-дом алып келе жатқан бала еді. Орташа ақыл ой кемістігі болды. Уланғандардың бәрі – бір топтың балалары, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

– Қайтыс болған баланың тыныс алуы қиындаған. Арнайы аппаратқа қосылғанымен, ол көмектеспеді. Өкінішке қарай, баладан айырылып қалдық, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ал облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қайтыс болған баланың отбасына көңіл айтып, оларға материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді.

– Көз жұмған баланың отбасына көңіл айттық. Көмек сұрады. Толық көмек көрсетілетін болады, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Дәл қазір ауруханада жатқан 2 жеткіншектің жағдайы өте мүшкіл. Қазір еліміздің медицина саласындағы жетекші мамандары мен жасөспірімдерді емдеуші дәрігерлердің қатысуымен консилиум өтіп жатыр.

– Осындай жағдайда Астанадан республикалық деңгейдегі министрліктің штаттан тыс мамандарын жібереміз. Жергілікті мамандар үздік университетте жұмыс істейтін мамандармен және профессорлармен бірігіп, уақытты ұтымды пайдалануы керек, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Айта кетейік, Қарағанды облысындағы медициналық-әлеуметтік мекемеде уланған 14 баланың бірі көз жұмып, алтауы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Сондай-ақ еліміздің Бас прокуратурасы өңірдегі жағдайдан кейін барлық арнайы орталық тексерілетінін мәлімдеген еді.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров