Құтқарушылар оның денесін бір сағат іздеп, әрең тапқан
Қарағанды қаласындағы Сұрыптау стансасында 9 жастағы бала көшедегі су ағатын каналға құлап көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құтқарушылар оның денесін бір сағат іздеп, әрең тапқан. Жеткіншек ауа райының күрт жылынуына байланысты еріген қар суына батып кеткен. Тосын мінез танытқан ауа райы еліміздің батыс өңірлеріне де кері әсерін тигізді. Ақтөбеде 750-ден астам жеке сектордағы үйді су шайып кетті. Ал Батыс Қазақстан облысының 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды.
«Арықтар мен арналарды тазарту жұмыстары инертті матералдарды себу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. 32 мың текше метр су сорылды. Қазір қауіпті 11 аймақ бар. Оның 9-ы Қарағанды қаласында», – деді Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.
Дәл осындай жағдайға ұқсас оқиға Ақтөбе қаласында да тіркелді. Қар суы толған арыққа 15 жастағы жасөспірім батып кете жаздаған. Абырой болғанда, қыз бала қазір дін аман. Маңайда жүргендер оны құтқарып қалған. 7 елдімекенге жол қатынасы жоқ. Аймақтағы бірнеше шағын өткел ағын су екпініне шыдамай бұзылды. Байғанин, Ойыл, Қобда, Мұғалжар ауданында жолдарды су шайып, көлік қатынасы тоқтап тұр. 4 күннің ішінде қала аумағындағы саяжайларда 113 үйді су басып, 259 адам эвакуацияланған. Оның 114-і бала. Олар қала аумағындағы мектептерге орналастырылды.
«Қазіргі кезде тасқын болған жерлерге арнайы комиссия құрылды, жергілікті атқарушы органдармен бәрін қарап шығамыз. Өздеріңіз білесіздер Ақтөбе қаласын арқылы 8 өзен ағып өтеді. Оның 6-ы қар суын қабылдайтын өзендер. Таңертең Жіңішке өзендерін тексердік. Қарағанымызда 5 метр төмен екенін байқадық», – деді Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.
Еліміздің Батыс бөлігінде де жағдай көңіл көншітпейді. Оралдың 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі мен Жәнібекте барлығы 140 үй мен екі әлеуметтік нысан суға кетті. Аймақта 750 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Балалар саны 200. Мал шығыны да бар. Ресми мәлімет бойынша, 108 түлік арам өлген. Жағдайды бақылауға алуы үшін еліміздің төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков Орал қаласына арнайы жұмыс сапарымен барды.
«Республикалық маңызы бар тас жолда 2 су тасқыны болды. Қазір ол жерлерде судың деңгейі төмен. Сондай-ақ, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында да жағдай тұрақты. Ауылда 282 үй болса, соның 97-і суға кеткен. «Жәнібекке су Ресейден келді, жоғары жақ бөгетті ашып жіберді» деген ақпарат жалған екенін мәлімдеймін», – деді ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздің 8,2 шақырымына қорғаныс бөгеттері салынған. Нәтижесінде 340 елдімекенді су басу қаупі жойылған. Өткен тәулікте Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында 144 мың 379 текше метр еріген қар суын сору жұмыстары жүргізіліпті.
Ұлағат Арғын, Алмат Ілиясов, "Алматы" телеарнасы