Алматының Түрксіб ауданында бүтін бір отбасы газдан уланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Оқиға Әлмерек ықшамауданында болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Түрксіб ауданында бүтін бір отбасы газдан уланып қалды. Оқиға Әлмерек ықшамауданында болған. Зардап шеккендердің үшеуі  – бала. Олар бірден ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа. Болжам бойынша жанұя өрт қауіпсіздігін сақтамаған. Бүгін осы жағдайдан соң төтеншеліктер жұмысты екі есе күшейтті. Олар әсіресе жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларды аралап, жылыту маусымына дайындығын тексерді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Төтеншеліктерге «бір жанұя газдан уланды» деген хабар түскенде бірден көмекке кіріскен. Белгілі болғандай, пешті көмірмен жағатын отбасы өрт қауіпсіздігін сақтамаған. Сондықтан мамандар халықты барынша сақ болуға шақырады. Өйткені биыл тұрғын үй секторында 222 өрт дерегі тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда төмен. Дегенмен, биыл қызыл жалыннан зардап шеккендер саны күрт артқан.

«Биыл 17 адам зардап шекті. Басым көпшілігі, газдан уланғандар. Өйткені жылу маусымы басталмас бұрын дайындық жасамайды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5 пайызға төмен. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Әсіресе, басты назарды әлеуметтік осал топтары тұратын үйлеріне бұруымыз керек. Өйткені көбі қауіпсіздікке келгенде селқостық танытады», – деді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Байгелов

Қызу іске кіріскен мамандар Әлмеректегі жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларды аралады. Басты мақсат – әлеуметтік осал топқа тағы бір мәрте түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, газ датчиктерінің жағдайын тексеру еді. Себебі былтыр орнатып кеткен құрылғының биыл қуаты таусылған. Бірақ отбасылардың оны да ауыстыратын жағдайлары жоқ. Ал көмекке келген төтеншеліктерді көбі үйлеріне кіргізбей әлек салатын көрінеді.

Кем-кетікті реттеуге бет алған төтеншеліктер биыл Түрксіб ауданында 14 үйге осындай құрылғы қойып берген. Ал ескерту жасап, кейін оның орындалуын ары қарай да жалғастыра бермек.  

«Тұрғын үй секторларын тексеру тұрақты түрде жүргізіледі. Пеш, электрлі жылытатын құралдардың дұрыс қолданылуын жіті тексеріп жүрміз. Егер тұрғындардың жіберген қателігі болса, оны қалай дұрыстау керек екенін түсіндіреміз. Былтыр орнатқан құрылғылардың жағдайында қараймыз. Олар істен шықпайды. Тек ішіндегі батарейкасын ауыстыру қажет», – деді Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Әнуар Қалимолданов.

Сараптама жасаған мамандар адам өлімінің 75 пайызы көгілдір отынды дұрыс пайдаланбағаннан болды деп отыр. Көп жағдайда улы газдың түзілуіне өрт қауіпсіздігінің сақталмауы себеп. Алматыда қатты отынмен жылынатын 1900-ге жуық тұрғын үй бар. Оның 605-інде халықтың әлеуметтік осал тобына жататан отбасылар тұрады.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы

Новости партнеров