Құзырлы орган өкілдері болса, сол кезде оқиғаға қатысты тиісті тергеу жүргізілгенін айтты
Баласын көлік қағып кеткен ана істі қайта қарауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облысында 11 жастағы баланы көлік қағып, аяғы сынған. Көлік жүргізушісі жазасын алмақ түгілі, тіпті кешірім де сұрамаған.
Құзырлы органдардың әрекетсіздігіне наразы отбасының айтуынша 2 жыл өтсе де, әлі күнге дейін іске қатысты нақты жауап айтылмаған.
«Тұрған жерімде артыма бұрыла бергенімде көлік қағып кетті. Мен құлап, аяғымды қатты ауыртып алдым», – деді жәбірленуші Аслан Абдулла.
Тұздыбастауда тұратын Аслан жол-көлік оқиғасында алған жарақатының кесірінен ойнаудан қалған. Себебі, сынған жері әлі күнге дейін мазасын алып, сай-сүйегі сырқырайтын көрінеді. Анасының айтуынша, есік алдында жүрген ұлының аяғын мыжып, шыбын жанын шырқыратқан көлік жүргізушісі заң алдында жауап бермек түгілі, кешірім де сұрамаған. Ал анықтау жүргізген тәртіп сақшылары болса, бар кінәні балаға арта салған көрінеді.
«Балам оқиғаны қазақ және орыс тілінде айтып берді. Бірақ тәртіп сақшылары бар кінәні балама артып отыр», – деді ата-ана Айгүл Көпенова.
Анасының айтуынша, жолдың бойында камера мен оқиғаны көрген куәгер болмаған. Полиция қызметкерлері де кеш жеткен. Зардап шеккендер бір ауруханадан екіншісіне жүргіріп жүргенде тәртіп сақшылары істі зерттеп тастаған көрінеді.
«Ешқандай әділдік жоқ. Қандай жағдай болмасын мен сотқа барамын», – деді ата-ана Айгүл Көпенова.
Құзырлы орган өкілдері болса, сол кезде оқиғаға қатысты тиісті тергеу жүргізілгенін айтты. Талғар ауданы прокуроры орынбасарының айтуынша, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс сотқа жетпей, 2021 жылдың 6 қазанында тоқтатылған. Оған келесі дәйектер себеп болыпты.
«Жол-көлік оқиғасы бойынша автотехникалық сараптамасы тағайындалды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі оқыс жағдайды болдырмауға тырысқанымен, оның шұғыл тежеуге техникалық мүмкіндігі болмаған», – деді Талғар ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Шохметов.
Алайда жарақат алған баланың анасы шешіммен келіспейді. Оқиғадан бері 2 жыл өтсе де, әділдік үшін соңына дейін күресетінін айтады. Ал құзырлы орган өкілдері мұндай жағдайда оның прокуратураға жүгініп, қайтадан арыз жаза алатынын хабарлады.
Оразай Нұртайұлы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы