Комада жатыр: 7 адамның өмірін қиған жол апатынан аман қалғандардың жағдайы өте ауыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы Шелек ауруханасының дәрігерлері айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 7 адамның өмірін қиған жол апатынан аман қалғандардың жағдайы өте ауыр. Бұл туралы Шелек ауруханасының дәрігерлері айтты. Қазір мұнда 2 адам жатыр. Ал, біреуі Алматыда. Бүгінде апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Оқиға орнына барып келген Almaty.tv тілшісі Мадина Оқастың бейнематериалы.

7 адамның өмірін жалмаған жол-көлік оқиғасы дәл осы жерде болған. Audi және Toyota маркалы екі көліктің соқтығысуы салдарынан қазір 3 адам ауруханада жатыр. Ал, оқиға орнында қаза болғандардың ішінде балалар да бар.

Өткен сенбі кешкі сағат 18.00 шамасында болған оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы әлі де анықталған жоқ. Сондықтан жол-көлік ережесін нақты қай тараптың бұзғаны белгісіз. Жалпы, апатқа ұшыраған 2 көлікте 10 адам болған деген ақпар тарады. Бірақ оны ресми түрде ешкім растаған жоқ. Қаза тапқан жетеудің 2-еуі көлік жүргізушісі, бір ер адам мен 8, 13 және 16 жасар бала және 4 айлық сәби бар. Ал аман қалғандар қазір ауруханада.

Аудандық аурухана мамандарының айтуынша, келіп түскен науқастардың бірі 42 жаста, ал қыз бала 12-де. Оларға дер кезінде ота жасалып, тиісті көмек көрсетілген. Десе де жағдайы аса ауыр. Ендігіде апатқа ұшыраған екі науқас қатаң бақылауда болады.

«42 жастағы науқас жансақтау бөліміне 19 маусымда өте ауыр халде жеткізілді. Толыққанды интенсивті ем жасалынып жатыр қазірге дейін. Түскен күні науқасқа шұғыл түрде ота жасалынды. Көкбауыры алынып, жыртылған бауыр тігілді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы өте ауыр. Есі әлі комада, тиесілі ем-шаралардың бәрі қолданылып жатыр. Өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныс алуда», – деді Шелек аудандық ауруханасы жансақтау бөлімінің бөлім меңгерушісі Серікбек Нұрланбек.

Аман қалған үш адамның бірі – әйел. Кеше алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін туыстары оны Алматыға алып кетіпті. Тұрғындардың айтуынша, Audi автокөлігінің тізгінінде 56 жасар азамат болған.

Апатқа ұшыраған екі көліктің қаңқасы ғана қалған. Негізінен екеуінің де алдыңғы бөлігі зақымданыпты. Апаттың ауыр, ал тірі қалудың мүмкін еместігі көліктердің қазіргі күйінен байқалып тұр.

«Бұл қайғылы оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 345 бап, 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалaды. Олардың нәтижесі бойынша барлық тиісті жайт жарияланатын болады. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз!» – деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Айта кетейік, жолаушылар мінген көліктің бірі Кегеннен, ал екіншісі Алматыдан жолға шыққан. Аудан әкімдігі зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуге дайынбыз дейді. Ал, қаза болған азаматтардың туыстары камераға қандай да бір ақпарат айтудан мүлдем бас тартты.

Мадина Оқас, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров