Апатқа ұшыраған 5 баланың екеуі бір отбасынан
Алматы-Қорғас тас жолындағы апаттан зардап шеккен 3 мектеп оқушысының жағдайы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дәрігерлердің айтуынша, алдағы уақытта оларға бірнеше ота жасалуы мүмкін. Ал Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көлік тізгінінде болған 28 жастағы ер адам қазір қамауда. Осыдан 3 күн бұрын мектептен үйіне қайтып келе жатқан 5 оқушыны республикалық тас жолда жылдамдықпен жүйткіген көлік қағып кеткен еді.
25 қараша күні сабақ аяқтала сала оқушылар мектеп автобусына отырған. Сол күні қоғамдық көлік жүргізушісі күнделікті қатынап жүрген жолымен емес, Алматы-Қорғас тас жолымен жүрмек болыпты. Терминал арқылы өтпек болған оны ҚазАвтоЖол қызметкерлері белгілі себептермен тоқтатып, жібермей қойған. Оқушылар ұзақ тұрып қалған автобустан түсіп қалып, үйлеріне өздері жетпек болады. Жолдан өте бергенде көліктің астына түседі.
Көпшіліктің жүрегі шайлыққан оқиға осы Алматы-Хоргос тас жолы бойында болған. Алматы қаласынан Хоргосқа қарай беттеген жеңіл көлік терминал жиегінде балаларды қағып кеткен. Жол бойында жылдамдықты тежейтін бірнеше белгі орнатылған. ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының өкілдері бұл тас жолмен жүрген жеңіл көлік тұрмақ жүк көліктренің өзі де ережені елемейді деп отыр.
Апатқа ұшыраған 5 баланың екеуі бір отбасынан. Ағайынды. Зиннадин Істілеуов сол күнгі болған оқиғаны есіне алғысы келмейді. Қазір отбасы жандарын шүберекке түйіп отыр. Себебі бір үйдің екі баласы да жансақтау бөлімінде жатыр.
«Балалардың аман қалуын тілеп, дұға етіп жатырмыз. Кінәлілер көп бұл жерде. Қазір тергеуде бәрі әділ болады деп ойлаймыз», – деді Өтеген ауылының тұрғыны Зиннадин Істілеуов.
Оқиға кезінде жарақат алған 5 оқушы аймақтық балалар ауруханасына жеткізіліген. Бір оқушының дене жарақаты жеңіл болып, бірден үйіне жіберіліпті. Ал төрт баланың қазір екеуі жансақтау бөлімінде. Жағдайы аса ауыр.
«Иық сүйегенің сынығы, сан сүйегінің сынықтарымен. Екіншісі ұл бала. Бас ми жарақаты. Бүгін таңғы қарау барысында бір баланы бөлімшеге ауыстырдық. Қалған екі бала жансақтау бөлімінде. Естерін біледі, бірақ әлсіз», – деді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Асқар Қалиев.
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көлік тізгіндеген 28 жастағы ер адам қазір уақытша қамауда. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталған. Полицейлер мектеп оқушыларының жолды белгіленбеген жерден кесіп өткенін айтып отыр.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы