21 қаңтарда жер үйде өрт шығып, 26 жастағы келіншек ауыр жарақат алған
Солтүстік Қазақстанда денесінің 90 пайызын күйік шалған әйел көз жұмды. 10 күн бойы өмір мен өлім арасында жатқан азаматша кеше түнде қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Естеріңізге салайық, 21 қаңтарда жер үйде өрт шығып, 26 жастағы келіншек ауыр жарақат алған. Тілсіз жау Есіл ауданы, Николаевка ауылындағы үйлердің бірінде орын алған. Оны дереу орталық-аудандық ауруханаға жеткізіп, кейін Петропавл қаласындағы №3 қалалық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырған еді. Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, өртке газ балонының жарылуы себеп болған.
«Явленка аулының оныншы өрт сөндіру бөліміне өрт туралы хабарлама келіп түсті. Тілсіз жау үйді толығымен жалмаған. Өрт сөндірушілер үйден 3 газ балонын алып шықты. 1-2 дәрежедегі травмалық шок алған әйел Петропавлдағы ауруханада қайтыс болды. Ирина Лейманның артында 2 баласы қалды. Біреуі 3 жаста болса, екіншісі небәрі 3 айлық», – деді Есіл ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жұлдыз Есенғазин.