Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай енгізу ұсынылып отыр. Қақаған боран мен қардың салдарынан елордалық мектептерде бүгін 11-сыныпқа дейін сабақ болмады. Тас жолдар жабылып, әуе рейстері кешіктірілді. Тек соңғы тәулікте Нұр-Сұлтанда 80-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Табиғаттың тосын мінез көрсетуіне байланысты коммуналшылар мен құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен ақ желеңділер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – елорданың қақ ортасынан алынған бейнекадрлар. Ал қала сыртында не болып жатқанын елестетудің өзі қиын. Онда тұратындардың басым бөлігі жұмыстарына уақытылы жете алмады. Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдегендей, ауа-райының қолайсыздығына байланысты қала көшелерінде қазір екі мың адам және арнайы техниканың 1200 бірлігі жұмыс істеуде. Елордалық құтқарушылар Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе әрекет ету жоспарын енгізген.
«Қала тұрғындарына шаһардан шеткері шықпауға, қаланың өзінде қозғалысты мүмкіндігінше қысқартуға, қоғамдық көлікпен қатынауға кеңес береміз. Жұмыс берушілердің қарауына қызметкерлердің жұмыс уақытын қысқарту, құрылыс алаңдарының жетекшілеріне биіктіктегі жұмыстарды тоқтату ұсынылды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан СЫЗДЫҚОВ.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты түс ауа Төтенше жағдайлар департаментінде шұғыл жиын өтті. Құтқарушылар елордада төтенше жағдай режимін енгізуді ұсынды. Алайда шаһар басшысы байбалам салуға еш негіз жоқтығын алға тартып, ұсынысты комиссияның қарауына жіберді. Алтай Көлгінов елорда көшелерін қардан тазарту үшін қосымша техниканы жұмылдыру қажеттігі бар дейді. Анықталғаны, «Астана Тазалық» техникасының 40 пайызға жуығының тозығы жеткен.
«Құрметті қала тұрғындары, сіздерге осы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізгім келеді. Шамалы сабыр ету керек. Біз бүкіл күшімізді жұмылдырдық. Біріншіден, ең үлкен жолдарды тазалаймыз. Қоғамдық көлік жүретін жерлерді тазалаймыз. Ол қазір күндіз-түні жасалуда. Жұмысты одан да күшейтеміз. Қазір жеке компаниялардың технкиасын қосымша аламыз. Сонымен қатар, емхана, аурухана яғни әлеуметтік нысандарға барар жолдарды тазалаймыз. Одан кейін барып ішкі жолдарға кірісеміз. Соған түсіністікпен қарауды сұраймыз. Біз сіздер үшін жұмысты жасап жатырмыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.
Боранды ауа-райы әуе рейстерінің жабылуына да әкеп соқты. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайында қазіргі уақытта 38 әуе рейсі кешіктірілген. Ал 35 рейс мүлдем тоқтатылған.
«Әуе кемесінің басқа қалалардан кеш келуі және баратын әуе жайдағы нашар метеожағдайлар себебінен ұшып келуі тиіс 22 рейс кешігуде. Олар Эир Астана авиа компаниясының 9 рейсі, Скат авиакомпанисының рейстері, Қазақ Эир ен Флай Арыстан авиакомпаниясының рейстері. Әуе кемесінің басқа қалалардан кеш келуі және ұшып шығатын әуе жайдағы ауа-райының нашарлауы себебінен ұшып шығуы тиіс 16 рейс кешігуде», - деді Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің өкілі Жеңіс АХМЕТЖАНОВ.
Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында барлығы 72 автожол жабылды. Алайда, дабылды ескертулерге қарамастан, кей қазақстандықтар сапарға шығып, қар құрсауында қалды. Соңғы тәулікте тасжолдарда 278 адам құтқарылды. Олардың 31-і балалар.
«Еліміздің тасжолдарында патрульдеудің 200ден астам бағыты құрылған. Патрульдік полицияның 1500 қызметкері тәулік бойы жұмыс істеуде. Тек соңғы тәулікте 21 жол көлік оқиғасы орын алған. 6 адам мерт болды, 26-сы жарақат алған. Бірақ атап өтуім керек, олардың барлығы ауа-райының қолайсыздығына байланысты болмағанын атап өтуім керек», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының басшысы Бағланбек АЙТПАЕВ.
Қазгидромет мамандары болса, боранның ертеңге дейін сақталатынын айтады.
«Алдағы үш күні Қазақстан республикасы бойынша ауа-райын әлі де атлантикалық циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар анықтайды. Соған байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады. Республиканың басым бөлігінде қар күтіледі», - дейді «Қазгидромет» РМК қысқамерзімді болжам жасау басқармасының жетекшісі Алуа САХАНОВА.
Нұр-Сұлтан бұрқасын мен қарлы боранның астында әлі де қалып отыр. Қатты дауылдың кесірінен, біз журналистер әдеттегі талапты сақтамай, бас киімімізді киіп шығуға мәжбүрміз. Синоптиктер мұндай ауа-райы ертеңге дейін сақталатынын айтады. Бұдан соң бір-екі күнде бәсеңсіп, 26-қаңтарда қайтадан бұрқасын болатынын болжайды. Коммуналшылардың дамылсыз жұмысына қарамастан, жолақтар ләзде қарға толып қалуда. Төтеншеліктер қала тұрғындарына көшеге шыққанда абайлап, бағандардан, ағаштардан, жарнамалар мен сымдардан алыс жүруге кеңес берді.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Алматы телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан