Тілсіз жау: алапат өрттен 1 адам көз жұмды

28.04.2023 01:51

Жедел жеткен жәрдем қызметі 58 жастағы ер адамды құтара алмады

Almaty.tv

Алматыда алапат өрт болып, 4 бірдей тұрғын үй жанып кетті. Бір адамның өмірін қиған оқыс оқиға шаһардың Түрксіб ауданында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сүйінбай даңғылындағы №150 үйдің жанып жатқаны туралы хабар өрт сөндіру қызметіне кеше сағат 22:20-да келіп түскен. Жедел жеткен жәрдем қызметі 58 жастағы ер адамды құтара алмады.

«Үйде әркім өз бөлмесінде отырған. Ал әкем ас бөлмеге кіріп кеткен, артынша «өрт болып жатыр» деп айғайлап, бәрімізді шақырды. Біз барып, өз бетімізше сөндіруге тырыстық, қолымыздан келмеді. Одан кейін мен терезені сындырып, үйдегілерді шығара бастадым.  Бірақ әкемді алып шығуға үлгермедім. Қара түтін болып кетті», – деді марқұмның баласы Данил Ширин.

Өрттен кейін 3 отбасы туған-туысының үйіне жеткізілсе, бір отбасына қонақүйден уақытша орын берілген. Мәселенің мән-жайы анықталғанша, сол жерді паналайды. Тілсіз жаудың неден тұтанғаны әлі белгісіз. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік шарасын сақтауға шақырып отыр.

«Туыстары қалмаған отбасыларға Түрксіб ауданы әкімдігінің тарапынан тергеу жұмысы біткенге дейін көмек жасайтын боламыз. Одан бөлек, заңды түрде арыз жазып, мемлекет тарапынан қарастырылған көмекті алуына болады», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әміров.