Полиция апатқа ұшыраған Алматы-Қаскелең бағыты бойынша жүретін автобус екенін атап өтті
Алматы облысы полиция өкілдері Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде болған апаттан зардап шеккендердің жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Үш автобус жолаушысы зардап шекті. Олар: бір әйел мен екі жас бала. Барлығы жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлайды Алматы облысының полиция департаментінің өкілдері.
Сондай-ақ полиция өкілдері апатқа ұшыраған Алматы-Қаскелең бағыты бойынша жүретін автобус екенін атап өтті.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Еске сала кетейік, төтенше жағдай «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 2449-шақырымында Шамалған станциясында 15 қыркүйекте сағат шамамен 19.20-да болған. Автобус жүргізушісі дабылға қарамастан теміржолға өтіп кеткен. Нәтижесінде автобус пойызбен соқтығысқан. Апат салдарынан автобус жүргізушісі қаза тауып, үш адам зардап шеккен. Төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.