Дәрігерлер жол апатынан зардап шеккен 5 жастағы бүлдіршіннің жағдайы туралы айтты

22.07.2021 05:23

Қазір бала жансақтау бөлімшесінде

almaty.tv

Алматыда жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккен 5 жастағы бүлдіршіннің жағдайы өте ауыр. Қазір дәрігерлер баланың өмірі үшін күресіп жатыр. Жол көлік оқиғасы осыдан екі күн бұрын Республика алаңында орын алған еді. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан мотоцикл жүргізушісі жолды кесіп өтпекші болған екі жүргіншіні қағып кеткен. Өкінішке қарай, ауыр жарақат алған келіншек жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

Бұл жантүршігерлік жол апаты Бостандық ауданында 19 шілде күні түнгі сағат 10 шамасында орын алған. Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, мотоциклды басқарған ер адам Сәтпаев көшесімен келе жатып, әйел мен баланы қағып кеткен. Куәгерлердің сөзінше, олар тиісті емес жерден жолды кесіп өтпекші болғанда, жүргізуші рөлді басқара алмай қалыпты. Қатты соққы салдарынан бүлдіршін 4 метрге ұшып кеткен, ал келіншек ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Бірден «Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына» жеткізілген 5 жасар баланың жағдайы қазір өте ауыр» дейді дәрігерлер.  

«Баланың келгендегі жағдайы өте ауыр болды. Алған жарақатына байланысты диагнозы политрав, ашық ми жарақаты, мидың ұрығуы. Оң жақ иық сүйегінің сынуы, жүрек, өкпе, ішкі органдардың соғылуы және бауырдың жыртылуы диагнозымен келді. Бауырдың жыртылуына байланысты жедел ота жасалды балаға. Ота сәтті аяқталды. Қазір бала жансақтау бөлімшесінде, әлі де жағдайы алған жарақатына байланысты жағдайы өте ауыр болып саналады», – деді «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова.

Ал мотоцикл жүргізушісі қазір №4 қалалық клиникалық ауруғанасында оң жақ иық сүйегенің жабық сынығы диагнозымен ем алып жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Осы ретте Сәтпаев көшесіндегі үйлердің тұрғындары мұндай жағдай жиі орын алатынын айтты. Көбі жаяу жүргіншілер жолымен өтудің орнына, рұқсат етілмеген жерлерді кесіп өтуге тырысады екен.  

«Иә, бұл сұмдық оқиғаны әлеуметтік желіден көрдім. Әрине, қиын жағдай. Сол үшін, көпшіліктен жолдан өткенде абай болуды сұраймын. Өзім де көлік жүргізушісімін, күнделікті адамдардың қалай жолдан өтетінін көремін, көбісі жол жүру ережесін сақтамайды», – деді қала тұрғыны Әміржан Таусаров.

Қалалық полиция департаменті мотоцикл жүргізушісіне қатысты іс қозғалғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар ер азаматтың абайсыздан адам өліміне себепші болғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтады.  

«1962 жылы туылған азамат Сатпаев көшесінің батыс бағытында мотоциклді басқарып келе жатып, 4-ғимаратқа қарама-қарсы бетте екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шеккендер тиісті емес орыннан жолды кесіп өтпекші болған. Аталған факт Қылмыстық Кодексінің 345 бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тексеру тізіміне тіркеліп, тергеу амалдары басталды», – деді қалалық ПД баспасөз хатшысы Евгений Лысенко.

Еліміздің Ішкі істер министрлігінің ресми ақпарына сәйкес, жыл басынан бері Алматыда 1 жарым мыңнан аса жол көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 25 адам қайтыс болған.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы