Ұлттық Ұлан сарбаздары Алматының жан-жағын тәулік бойы күзетеді

25.03.2020 01:59

Бұған дейін 4 адам шаһардың батыс бөлігіндегі Ақсай өзінен өтіп, карантин режимін бұзбақ болған

qazaqtimes.com

Ұлттық Ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Алматының жан-жағын тәулік бойы күзетуге көшті, деп хабарлады Almaty.tv тілшісі.

Себебі бұған дейін 4 адам шаһардың батыс бөлігіндегі Ақсай өзінен өтіп, карантин режимін бұзбақ болған. Олардың жолын Ұлттық Ұлан сарбаздары кесті. Заңды белінен басқандар енді жауапкершілкке тартылып, 5 күндік қамауға алынды. Ал, әскери қызметкерлер тәртіпке бағынуға тура келетінін айтады.

«Алматы облысында оқшаулауды және шектеу шараларын қамтамасыз ету үшін әскери қызмет ұйымдастырылды. Мұндағы әскери қызметкерлердің шебер және нақты ұйымдастырылған іс-әрекеттерінің арқасында Ақсай өзенінен Алматы қаласына өтуге жол берілмейді», – деді ҚР Ұлттық ұлан « Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5541 әскери бөлімінің басшысы Данияр ТҮКІСБАЕВ.

Карантин аймағының периметрі бойынша 30 айналма жол жабылып, бетон блоктар орнатылды және Ұлттық ұлан сарбаздарынан күзеттер қойылды. Олар: Алатау ауданында – 15, Жетісу ауданында – 7, Медеу ауданында – 1, Наурызбай ауданында – 4 және Түрксіб ауданында  3-еуі орналастырылды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, құпия өткелдерді бетон-блоктармен жауып тастау арқылы жауапсыз азаматтардың  қалаға заңсыз кіруіне жол берілмейді. Барлық айналма жолдарда Ұлттық Ұлан сарбаздары қаз қатар тізіліп тұр.

«Сол жерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Яғни, адамдардың, автокөліктердің өтуіне тосқауыл қойылды. Бұл деректерді бастапқыда біз әлеуметтік желілерден  алдық, сонан соң полицияның жедел күштері және потрульдік полицияның қызметкерлері арнайы талдау жүргізу барысында осы деректерге қол жеткізіп отыр», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.        

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, соңғы тәулікте Алматыға азық-түлік пен қажетті тауарлар тиеген 1500-ге жуық көлік кіріп, 1600-ден астам көлік мегаполистен шыққан. Айта кету керек, олардың арнайы рұқсат қағазы бар.

Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы