ТЖ: Табыс көзінен айрылған қазақстандықтарға ай сайын 42 500 теңге төленеді

24.03.2020 02:07

Мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді

den-der.kz

Президент төтенше жағдай кезінде айыппұлдар мен өсімпұлдарға қатысты бұған дейін қабылданған тыйымдардан бөлек, дағдарыстан зардап шеккен халықтың барлық займдары бойынша қарыздың негізгі бөлігін және сыйақысын тоқтата тұру қажет деп санайтынын жеткізді, деп хабарлады  Almaty.tv тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айрылған қазақстандықтарға ай сайын 42 500 теңге төлеуді бастауды тапсырды. Жалпы мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінеді. Бұл халыққа көмек қана емес, бизнесті де қолдау дейді Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх.

«Бөлінген кезде ол тек халыққа көмек емес. Бұл жүйелі түрде бизнестерге көмектесу. Халық ақшасын қолында ұстамайды ғой. Ол ақшамен халық дүкендерге барады, бизнестен бірнәрсе сатып алады. Ол бизнесмен ақшаны басқа жерге салады. Сондықтан төтенше жағдай болып жатқан кезде, қалай экономиканы жұмыс істеп жатқан жағдайда статусты сақтап, оны дамытуға арналған бағыт», – деді Алматы қалалық қоғамдық  кеңес мүшесі Қазыбек ШАЙХ.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшесі Борис ЖАППАРОВ дер кезінде қабылданған мұндай шешімдер ел экономикасына оң әсеріне тигізеді деген пікірде. Себебі қазір ел бойынша миллионнан астам адам уақытша айлық табысынан айрылып қана қоймай, шаһардың стратегиялық дамуы әсер ететін кәсіпорындардың да қызметі тоқтады. Осы тұста мемлекеттің қолдауы ең алдымен кәсіпкерлікке бағытталғаны дұрыс шешім дейді.  

«Өндіріс орнын жалға алып отырған кәсіпорындарға да ғимараттың иелерінен осы уақытта жалға төлеу ақшасын алмау туралы да айтылды. Бұл да біраз көмек болатындығы сөзсіз. Кіші және орта бизнес тоқтап қалмайды. Оны үстіне ірі кәсіп отырдарға да қатысты арнайы қарарлар қамтылған президенттің сөзінде. Олардың да экономикамыздың әлсіремеуіне үлкен көмегі болады деп есептейміз», – деді Алматы қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Борис ЖАППАРОВ.          

Отырыста Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Үкімет пен әкімдерге  шұғыл шаралардан бөлек, жағдайды тұрақтандырғаннан кейінгі уақытты ескере отырып, жүйелі бағдарламалар әзірлеп, қабылдауы қажет екенін айтты. Салықтық жеңілдіктер мен жергілікті деңгейдегі қолдауларды есептемегенде, дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржының жалпы көлемі 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард долларды құрайды.

Қуан Нұрақын, «Алматы» телеарнасы