Бүгін мамандардың бір тобы Түрксіб ауданындағы тұрғын үй кешендері мен ойын алаңдарын залалсыздандырды
Алматыда дезинфекция жасаудың 15-кезеңі қарқынды жүріп жатыр. Бүгін мамандардың бір тобы Түрксіб ауданындағы тұрғын үй кешендері мен ойын алаңдарын залалсыздандырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қауіпті індетпен күресіп жүрген олар жаңа жұмыстарына ерекше ыждағаттылықпен қарайды. Себебі қазіргі әлемдегі қиын жағдайда дезинфекторлардың еңбегі маңызды.
Карантинге дейін дәмі тіл үйіретін тағам пісіріп, уақытының біраз бөлігін ыстық пеш алдында өткізетін аспаз Фархат Юсупов қазір дезинфектор. Ол қолындағы ыдыс-аяқты, уақытша шашыратқыш құралға ауыстырған. Арқасына 20 литрлік дәрілік препаратты асынған жігіт пандемия кезінде қауіпті індетті жеңуге көмектесіп жүр.
«Егер салыстырсам, әрине ас үйде жұмыс істеу өзіме оңай болатын. Түрлі тағам түрлерін пісіріп жүретінмін. Еш қиналмастан жұмыс істеп кететін едім. Ал мына жақта аяқтан тік тұрып, жүруің қажет. Әсіресе, арқаңда осындай ауыр жүк барын қосыңыз. Өз мамандығымды жақсы көрем. Бірақ қиын қыстау кезде дезинфектор болғанымды мақтан тұтамын», – деді дезинфектор Фархат ЮСУПОВ.
Ал пәтер иелері кооперативінің басшысы Лариса Бопникова дезинфекциялау процессін сырттан жіті бақылап жүреді. Себебі ол өзі қызмет ететін ПИК-ке қарасты үйлердің жақсылап тазаланғаннын қалайды. Залалсыздандыру аяқтала сала төрайым кіреберістерді тексеріп шығады.
«Біз жұмыс аяқталған соң атқарылған жұмыстың сапасын бағалап, акт жұмысына қол қойып, мөр басамыз. Барлық подьезді асықпай тексеріп шығамын. Тұрғындардан ескерту болса, сұрап аламыз», – деді ПИК төрайымы Лариса БОПНИКОВА.
Айта кетейік, Түрксіб ауданында 40 дезинфектор 500-ден астам тұрғын үйді залалсыздандырып шығады. 15-кезеңнің екінші күнінде қала аумағында 465 маман 8 мың подьезді дезинфекциялады. Бүгінгі ауру ошақтарының саны – 31. Оған 20 маман жұмылдырылды.
Жадыра Омаржан, Айдана Нұраш, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы