Пойыз қағып кеткен қос механиктің отбасына өтемақы төленеді

Пойыз қағып кеткен қос механиктің отбасына өтемақы төленеді
Оқиға кезінде қаза тапқан қос қызметкер кеше өз ауылдарында жерленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұл туралы өздері қызмет еткен «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясының өкілдері мәлімдеді. Естеріңізде болса, осыдан үш күн бұрын Шу ауданындағы "Бел" стансасында шойын жолда жұмыс істеп жүрген екі ер азаматты жолаушылар пойызы қағып кеткен болатын. Олар кеше жерленді,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс оқиға дәл осы Жамбыл облысындағы Бел стансасынан 4 шақырым жерде 13 қаңтар күні кешкі сағат 5-тер шамасында орын алған. Алматыдан Ақтөбеге бара жатқан жолаушылар пойызы екі темір жол қызметкерін қағып кеткен. Екеуі де оқиғаға орнында алған жарақаттарынан тіл тартпай кетті.    

«Үстіміздегі жылдың 13 қаңтар күні аталған факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне тіркелді. Бүгінде көліктегі полиция қызметкерлерімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ләззат ҚАСЫМЖАНОВА.

Ал, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өз айтарлары бар. Бұл тұста тайға таңба басқандай ереже бар екендігін алға тартады.    

«Темір жол қызметкерлері қауіпсіздік шарасын бірінші кезекке қою керек. Шойын жолдағы жұмыстарға екі адам шықса, бірі жұмыс істеп жатқан уақытта, екіншісі жан-жақты бақылап тұруы қажет. Егер пойыз жақындаған болса қауіпсіз жерге өтулері тиіс», - деді «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ департаментінің директоры Алексей АБДРАХМАНОВ.

Оқиғаның қалай болғаны әзірге белгісіз. Деседе, қос механик бұл ережеден бейхабар болуы мүмкін дегенге сену қиын. Себебі, олар осы салада қызмет етіп жүргендеріне біршама уақыт болған. Қаза тапқан Талғат Несіпбаевтің темір жолда механик болып жүргеніне 10 жылдан асыпты. Әкесінің айтуынша, баласының жұмысына қатысты осы уақытқа дейін басшылық тарапынан бір де бір рет сөз естімеген.    

«Балаң осындай деп ешқашан бастықтардан сөз естіген емеспін. Жұмысқа тиянақты, мінезі тұйық. Ұрысу деген ода жоқ. Жұмысқа деген ниеті дұрыс болатын. Жұмыстан қалмайтын. Мейрам сайын мақтау қағаздары мен значектарын беріп жатады», - деді марқұм Талғат Несіпбаевтің әкесі Кенжебай НЕСІПБАЕВ.      

Ал, өз кезегінде "Қазақстан теміржолы" Ұлттық компаниясы қызмет бабында қаза болған екі темір жолшының отбасына материалдық көмек көрсетіледі деп отыр. Алайда оның көлемін айта алмады.    

«Біледі ереженің барлығын. Өкпе-ренішім жоқ, өзім көзіммен көрген соң ешкімге ренжи алмаймын. Теміржолды да айыптай алмаймын», - дейді марқұм Талғат Несіпбаевтың жұбайы Мөлдір НЕСІПБАЕВА.

Оқиға кезінде қаза тапқан қос қызметкер кеше өз ауылдарында жерленді. 44 жастағы  Ахан Алтаевтың артында 5 баласы қалса, ал Талғат Несіпбаев небәрі 33-інде опат болды. Оның артында жұбайы мен 2 баласы қалды.

Арнат Дүйсен, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров