Әкімдік осы уақытқа дейін меншік иесін таппай әлек
Тараздық тұрғындар 25 жылдан бері қирандыдан зардап шегіп келеді. Екі үйдің арасына жапсарлас салынған бұрынғы сауда үйі, қазір мұндағыларға қауіп төндіріп отыр. Шағымданған жұрт адам өлімі мен зорлық зомбылықтың ордасына айналған ғимаратты сүріп тастауды сұрайды. Ал әкімдік осы уақытқа дейін меншік иесін таппай әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шағын аудан тұрғындарының зәре құтын алған бұл ғимаратпен тұрғындар 25 жыл бойы күресіп келеді. Олар өздерінің және балаларының болашағына алаңдаулы. Себебі бұл жерде бұрын соңды біраз қылмыс орын алған көрінеді.
Блиц:
1) Осы жерде кісі өлімі болды. Кейін білдік оны.
2) Осы жерде мына талдың арасында жатады, арақ ішеді. Тыныштық жоқ. Адам өлтіреді. Адам зорлайды бәрі болады. Ата-аналар қорқады балаларына.
Қаратау шағын ауданындағы шошынған жұрттың жан айқайы бұл. Кеңестік кезеңнен қалған қиранды, мұндағы халықты күндіз күлкі мен түнгі ұйқыдан айырған. Олар екі жатақхананың ортасына салынған иесіз ғимаратқа әкімдік ешқандай шара қолданбайды деп налиды. Бастапқыда қаңғыбастар мекені болған орын, енді есіркті саудасын жүргізуге таптырмас орынға айналды. Тіпті, мектеп балаларына теріс әсері тиіп жатыр дейді ел.
«Терезенің түбінде тұрамын. Сағат төртте наркодилер ме, түсінбеймін, екі қара киімді жігіт келеді, тастайды. Екі сары қыз бен қара қыз келіп алып кетеді. Аптасына 2-3 рет сондай жағдай болады. Одан қалса, мектеп оқушылары келіп, желім иіскейді. Мен оны өз көзіммен көрген соң айтып тұрмын», – деді қала тұрғыны Перизат Әбдірова.
«Мен үлкен болсам да, қорқып өтетінмін осының жанынан. Біреу мені өлтіріп кете ме деп қорқып өтетінмін. Мен қорыққан соң мына балалар қалай қорықпайды?» – деді қала тұрғыны Зина Қосшығұлова.
Қараусыз қалған мекенді бірнеше жыл бұрын әкімдік өкілдері қоршап бекіткен екен. Бірақ бәз біреулер қоршауды бұзып қайта ашып алыпты. Ал, тұрғындарға басу айтуға келген әкім орынбасары, меншік иесін іздеп тапқанын айтады. Ескерту де берген, бірақ нәтиже жоқ.
«Сараптама жасалған. Сараптаманың қорытындысы бойынша, мен өзім көзіммен көргендей де, бұл ғимарат қалыпқа келтіруге жатпайды. Жарамсыз. Сондықтан бұның бір ғана жолы бар, орнын тазалап тастау керек», – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Әкімдік өкілдері алдағы уақытта аталған зиянды жерді бұзып, орнына балалар алаңын салуды уәде етті. Ал, бұл жауапты 25 жыл күткен жұрт қиял ғажайыптың тағы бір топтамасы ма деп қалды.
Мерей Бает Мейіржан Ерболатов «Алматы» арнасы, Тараздан