|
03.09.2020 | 21:11
5400

Елорда іргесіндегі қоқыс полигоны жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының наразылығын тудырды

Сөздерінше, осыған дейін полигон елдімекеннің дәп жанында орналасқан еді

Елорда іргесіндегі қоқыс полигоны жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының наразылығын тудырды Almaty.tv

Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі қоқыс полигоны жақын маңдағы елдімекен халқының мазасын қашыруда. Тайтөбе ауылының тұрғындары оның жұмыс істеуіне түбегейлі қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сөздерінше, осыған дейін полигон елдімекеннің дәп жанында орналасқан еді. Бірақ тұрғындар оның санитарлық талаптарға сай еместігін айтып, көшірілуін талап еткен. Алайда  ауылдан 4 шақырым жерге ауыстырылғанымен, мәселе шешімін таппаған. Күл-қоқыс төгетін орыннан шығатын қолқаны қапқан күлімсі иіс пен көк түтінге шыдау мүмкін емес, деп шағымданады.

Әбден ашынған ауылдықтар таза ауа жұту  арман болғанын айтады. Олар жақын маңдағы күл-қоқыс полигонынан шығатын сасық иіс жүректі әбден айнытып бітті дейді. Ал үйінділердегі тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс материалдарын өртегенде ауылға келетін көк түтіннен кейде түк көрінбейтінін айтады. Қоқыс полигонына тіпті, мал өлекселерін лақтырып кететіндер бар көрінеді.

Ауылдықтар елдімекенде соңғы кездері демікпе, іш өту сияқты ауру-сырқаудың көбейіп кетті деп отыр. Сол себептен Сәуле Әкімова қолындағы 7 немересінің денсаулығы үшін алаңдаулы.

«Қоқыс жанып жатыр. Неше күннен бері демала алмай, бала тұншығады мектепке әкеле жатқанда. Соны әкімшілік қолға алса. Кеше ғана Президентіміз айтты экология жайында», – деді Тайтөбе ауылының тұрғыны Сәуле Әкімова.

Бұл жерге қалаға іргелес барлық елдімекендерден жиналған күл-қоқыс əкелініп үйіліп, төгіледі. Ол сұрыпталмайды, өңделмейді, тек өртенеді екен. Ал одан шыққан көк түтін мен мен жатқан қоқыс Тайтөбе ауылына ұшып барады. Ауыл тұрғындарының сөзінше, осы жердің кесірінен жақын маңда əулиелер жатқан аумақтар да күл-қоқыс алаңына айналуда.  

Қоқыс шығаратын компания өкілдері болса полигонды жергілікті атқарушы органдар таңдайтынын айтады. Бұл біздің құзырымызда емес дейді.

«Қоқыс шығаратын компания бұл полигонға қоқыстың тек 30 пайызын әкеледі. Қалған қалдық, тезекті, мал өлекселерін тұрғындардың өздері әкеледі. Құрылыс компаниялардың барлығы «тегін жер, лақтыруға болады» деп қалдықтарды үйіп-төгіп кете барады. Метал күйдіретін адамдар да келіп, өрт шығарады», – деді «Қосшы тазалық» ЖШС директоры Ерлан Мұстафин.

Целиноград аудандық әкімдігінің өкілдері болса, жабайы қоқыс полигонын уақытша пайдаланып жатырмыз дейді. Мәселені кешенді шешу жоспары әзірленген. Санкцияланған қоқыс полигоны үшін 4 аумақ таңдалып қойған.    

«Олардың екеуі бойынша жоба сметалық құжаттама әзірлеудеміз. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, аталған құжатты жетілдіру де, құрылыс та белгілі уақытты алады. Мәселені уақытша шешу үшін біз қазір бір ұйыммен келісімшарт жасастық. Олар бұл полигонды ретке келтіреді. Санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайды. Енді шлагбаум қойылып, адамдар да жұмыс істейді», – деді Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Мұрат Жаңабергенов.

Әкімдік өкілі жоба сметалық құжаттамалар биыл сараптамадан өтсе, келер жылы қаржыландырылуы мүмкін деп болжады. Алайда нақты мерзімді айта алмады. Қайткенмен тайтөбеліктер мәселенің тез арада шешілуін талап етуде. Себебі полигонда жиі болатын өрт бір күні үйлерін жалмай ма деп қорқады.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир