Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеп жатыр. Бүгінгі таңда сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. 2 мыңға жуық нысан зардап шекті. Нысандарды қалпына келтіру үшін тезірек кірісу керектігін түсінеміз. Сондықтан тергеушілер оларды тексеруге басымдық береді. Алдағы күндері барлық жұмысты аяқтайтын боламыз. Оқиға орнынан көптеген дәлел, заттай айғақ пен қылмыс іздері алынды», - деді Берік Жүйріктаев.
Прокурордың айтуынша, бандиттердің киімі, бейнежазбалар, қылмыс құралдары, оның ішінде 127 қару-жарақ тәркіленген.
«Алынған бейнематериалдарды қылмысқа қатысушыларды анықтау үшін қолданылды. Прокурорлар қылмыстық процестің барлық кезеңінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен, адвокаттар алқасымен жұмыс өзара тығыз байланыста жүргізіледі. Күдіктілерді ұстау жағдайларын тәуелсіз бағалау үшін оларға тергеу изоляторларына кіру мүмкіндігі берілді», - деді ол.