Үй карантинін бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін

21.03.2020 02:21

Бұл сауалға еліміздің Әділет министрі Марат Бекетаев жауап берді

inbusiness.kz

Төтенше жағдай мен карантин елімізде кадрлардың ауыс-түйісіне еш әсер етпейді. Еліміздің әділет министрі Марат Бекетаев осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv. Министр, сондай-ақ, үй карантинін бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін екенін жеткізді.

Төтенше жағдай мен карантин кезінде әкімдерді ауыстырып, өзге де тағайындаулар жасауға бола ма?

Бұл сауалға еліміздің Әділет министрі Марат Бекетаев жауап берді. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы карантин режимі Ата заң мен өзге заңдарға сәйкес қабылданды. Демек, ауыс-түйістер орын ала береді. Тіпті керісінше Төтенше жағдай кезінде министрлер мен әкімдерді тезірек ауыстыруға болады. Төтенше жағдай режимін енгізу құқықтық тәртіпті одан әрі қамтамасыз етеді. Ал мемлекеттік аппаратты күшейтілген жұмыс режиміне өткізуге көмектеседі. Шешімдерді қабылдау мерзімі қысқарады, ал бұл оларды тез әрі тиімді етіп қабылдауға мүмкіндік береді.  

«Төтенше жағдай мен карантинге байланысты ешқандай шектеулер қойылмайды. Барлық кадрлық мәселелер бекітілген шараларға сәйкес шешіледі. Айта кетейін, қажет болған жағдайда бұл шешімдер өте қысқа мерзімде қабылдануы мүмкін», – деді  ҚР Әділет министрі  Марат БЕКЕТАЕВ.

Әділет министрі, сондай-ақ, үй карантинін сақтамай, баспанасынан шеткері шыққандар қалай жазаланатынын да айтты. Егер де әлеуетті науқас үйінен шықса, тек айыппұлмен құтыла салмай, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы әбден мүмкін деді. Себебі көрші дүкенге шықса да, өзгелерге үлкен қауіп туғызады. Қайткенменен де бәрі жағдайға байланысты. Өзінің жауапсыздығымен неғұрлым қатты зиян келтірсе, жазасы да соған байланысты қатаң болмақ. Әркім жауапкершілікті жіті түсінуі қажет деді министр. Бұдан бөлек, брифингте Марат Бекетаев дағдарыс салдарынан жұмыссыз қалғандарға сот орындаушылармен келісімге келуге кеңес берді. Несиенің мерзімін ұзарту бойынша қандай да бір шешімге келіп, өзара қолайлы байламға келуге шақырды.