|
15.03.2023 | 18:42
2697

Ақтөбе облысы Қобда ауылында 100 шақты үйді су алып кетті

Мамандардың айтуынша, жер тоңы әлі жібімей тұрғандықтан, су жерге сіңбейді

Ақтөбе облысы Қобда ауылында 100 шақты үйді су алып кетті Almaty.tv

Ақтөбе облысының Қобда ауылында су тасқынына байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір елдімекенде 100 шақты үйді су алып кетті. Қызыл судың нөпіріне шыдамаған 10-ға жуық баспананың қабырғасы құлап, іргетасы ыдыраған. Туыс-туғанның үйін паналағандарды есептемегенде, 50-дей адам мен олардың малдары қауіпсіз жерге шығарылды.

Ақтөбелік Тіршілік Аятхан – бүгін түнде уақытша қауіпсіз орынға түнеп шыққандардың бірі. Үйін бір түнде су басып, қорасы мен ауладағы сарайының қабырғасы құлап қалған.

«Сағат 10:00 шамасында су үйді басып қалды. Біз заттарды көтеріп, малды шығарып, бала-шағаны орналастырып үлгердік. Бір айналып келсек, үй көрінбей тұр», – деді Қобда ауылының тұрғыны Тіршілік Аятхан.

Тасқын судан қашқандар облыстық аурухана мен спорт кешені ғимаратын паналап отыр. Қас-қағым сәтте үй-жайынан айырылған ауылдықтар жатын орын мен ыстық тамақтың табылғанына шүкірлік етті.

«Өмір бойы осы ауылда тұрамын. Осы жерде туып өстім. Түнде ұйықтап жатқанымда су басып қалады деп, үйден қашып шықтық. Көмек беріп жатыр. Рақмет», – деді Қобда ауылының тұрғыны Ольга Красильникова.

Аудан орталығындағы көшелерде қайықпен ғана жүруге мүмкіндік бар. Бірақ ол да бәріне бірдей табыла бермейді. Сондықтан жұрт осылай, рәзіңке етік пен тапқан арнайы киімдерін киіп, су басқан үйдегі мүлкін тексеріп жүр. Жиған, тергенін қимай, үйін түнімен торуылдап жүрген тұрғындар да аз емес. Еріген қар суынан қорыққан жұрт өткен түнді тағы да кірпік ілмей өткізген.

«Бұл үйді несие алып, салдым. Қора да құлады, малды баламның достары шығарды. Қазір үйге кіре алмай тұрмын. Мына су тұра берсе, үйім де құлайды», – деді Қобда ауылының тұрғыны Әсима Нұржанова.

Ал кәсіпкер Диана Ғалымжанова ауыл шетіндегі кемпинг ғимаратын өткен жылы да су басқанын айтады. Ол «жергілікті билік уәде берумен ғана шектеледі» деп ренішін жасырмады.

«Кеше облыс әкімі келгенін білмей қалдым. Былтыр да осылай болған, биыл да қайталанды. Бірақ ешқандай көмек көрсетілмеді. Астанадан адамдар келіп, видеоға түсіріп алған. Бірақ видеоны ешқайда жарияламады. Бәрін өз қаражатымызға істедік», – деді Қобда ауылының тұрғыны Диана Ғалымжанова.

Тасқынға тосқауыл болу үшін төтенше жағдай қызметкерлері, тәртіп сақшылары мен әскерилер жұмылдырылған. Мамандар күні-түні кезекшілік жасайды. Ал сынап бағанының сәл төмендеп, судың қатқанын пайдаланған ауылдықтар үйіне қайта келіп, қажет киім-кешегін, құжаттарын алып жүр.

«Қазіргі таңда бүкіл жерде штаттық режимде жұмыс жасауда. Су басу қауіпті аймақтардан тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылды. Инертті материал беріліп, құм толған қапшықтар қойылып жатыр», – деді Қобда ауданы ТЖ бөлімінің бастығы Руслан Суликанов.

«Қобда ауданының территориясында полиция департаментінің жедел жасағы келіп, аудан қызметкерлерімен бірлесіп ауыл тұрғындарының мүлкін қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарып жатыр», – деді Қобда аудандық ПБ бастығының орынбасары Самат Сартай.

Дәл кеше бұл аумаққа облыс басшысы Ералы Тоғжанов келіп, жедел штаб жиынын өткізді. Су басқан аумақтағы халыққа шығынның өтелетінін айтты. Ресми түрде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қаржы да молырақ бөлінбек.

«Облыс әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылады. Әрбір үйді жіті зерттеп, шығынын шығарамыз. Қаржылай көмек берілетін болады», – деді Қобда ауданының әкімі Болат Құлов.

Қазір ауылдың оңтүстік-батыс бөлігі қаупі басым аймаққа жатады. Мұнда көшенің бір жақ бетіндегі суды екінші бетіне өткізбеу үшін бөгеу жұмысы жүріп жатыр. Ал үйі суға батқан тұрғындар бұған наразы екендерін айтады.

Әдетте алыстан алақандай ғана көрінетін өзен қазір ауылдың басым бөлігін алып, жайылып жатыр. Мамандардың айтуынша, жер тоңы әлі жібімей тұрғандықтан, су жерге сіңбейді. Күн жылыса өзен, көлдегі мұз еріп, су деңгейі көтерілуі мүмкін. Сондықтан босаңсуға жол жоқ.

Райгүл Еншібай, Жомарт Құдайбергенов, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир