"Блокбекеттен өткізіп беремін" деп халықты алдаған күдікті ұсталды – полиция

22.03.2020 02:25

Полицейлер бекеттерді айналып өтпек болғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертуде

azattyq-ruhy.kz

Әлеуметтік желі де блок бекеттерден адамдарды ақшаға өткізіп жатқаны туралы видео желдей есіп жүр. Кейбір кадрларда әлдебіреулердің осы қызметі үшін 2 мың теңге алатыны да айтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қалалық полиция департаментінің өкілдері Алматы шекараларына қойылған блок-бекеттердің барлығы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр дейді.  Тіпті, департамент жанынан тәртіп бұзушыларды анықтайтын арнайы топ та құрылған. Бүгінде халықтың арасында жалған ақпарат таратып, жеке басының пайдасын жүзеге асырмақ болған күдікті ұсталыпты.

«Бүгін біз күдіктіні ұстадық. Оған алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол адамдарды 2 мың теңгеге бекеттерден өткізіп беремін деп халықты алдаған. Осылай пайда таппақ болған. Аталған іс бойынша қазір тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді  қалалық Полиция департаменті ӘПБ бастығы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

«Алтын орда» базары маңындағы ірі блок бекетте шектеу мерзімі бітпей әлі де үйлеріне асыққан халықтың саны көп болды. Алматыға кіріп жатқандарды сөзге тарқанымызда бекеттен еш қиындықсыз өткен. Бірақ, ешкім өткізіп береміз деп ақша сұрамаған.

БЛИЦ:

– Маған ешкім ондай ұсыныс жасаған жоқ. Қарапайым адаммын, ондай ұсынысты ешкім жасамады.  

– Ондай жағдай болған жоқ, барлығы рұқсат қағазымен өтіп жатыр. Жекекуәлігіміді көрсеттім, Алматы қаласының тұрғынымын.

Қатаң тәртіп. Жалпыға ортақ ереже. Полицейлер бекеттерді айналып өтпек болғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертуде. Яғни, ауыл ішімен адам өтетін жерлерден қалаға немесе Алматыдан шықпақ болғандар ерекше бақылауға алынбақ.

«Енді өздеріңіз білесіздер, алғашқы күндері біз бүкіл тропинкалардың бәрін қамтып үлгермедік. Қазіргі таңда Алматы облысындағы біздің әріптестеріміздің көмегімен ондай кіші өтетін жолдардың барлығы  жабылып, бәрі бақылауға алынды. Ондай фактілер қазіргі таңда жоқ. Бірінші күні болды, мойындаймыз. Қазіргі таңда оның бәрі жабылды», – деді  қалалық Полиция департаменті ӘПБ бастығы Жандос МҰРАТӘЛИЕВ.

Қала басшылығы карантиндік режимнің күшейтілуіне байланысты дәрігерлер, қоғамдық тәртіпті қадағалушылар мен БАҚ өкілдерінен басқа адамдарға үйде отыруға кеңес береді. Айта кетейін, бекеттер қойылғалы бері қалаға 60 мың адам мен 30 мың көлік кірген. Екі жарым мың адам кері қайтарылған. Себебі бірінің қалалық тіркеуі болмаса, екіншісінің ауру белгілері байқалуына байланысты жіберілмепті.

Қуан Нұрақын, Валерий Таубалдиев

«Алматы» телеарнасы