Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған ұрыны 40 полицей жабылып ұстаған

Дмитрий Баландиннің көлігінің айнасын ұрлаған ұрыны 40 полицей жабылып ұстаған
Сақшылар әккі ұрыны қолға түсіру үшін 156 көлікті тінтіп, 45 видеокамераның жазбасын жіті тексеріпті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігінен айна ұрлаған сұғанақты ізін суытпай ұстауға 40 полицей жұмылған. Сақшылар әккі ұрыны қолға түсіру үшін 156 көлікті тінтіп, 45 видеокамераның жазбасын жіті тексеріпті. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы Полиция Департаментінің басшысы Серік Күдебаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, спортшының айнасын ұрлаған Айдос Валиев есімді азамат екен. Күдікті бұған дейін бөтеннің мүлкін қолды қылғаны үшін үш рет сотталып үлгеріпті. Бірақ, оңай олжаға әуестігін қоймаған. Айыпталушы сол күні Дмитрий Баландиннен бөлек, тағы бір қымбат көліктің айнасын шешіп әкеткен.

«Күдікті Валиев Айдос ұсталды. Қазіргі уақытта айғақ заттар алынып, ол қамауға алынды. Күдікті бір ұрлық емес, қасында тұрған Range Rover автокөлігінен де айна шешіп алған, қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу біткен соң істі сотқа жолдаймыз», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Серік КҮДЕБАЕВ.

Тілшілердің алдына көп шыға қоймайтын Алматының бас полицейі қаладағы қылмыстық ахуалға да тоқталды. Оның айтуынша, шаһарда қылмыстың деңгейі айтарлықтай төмендепті. Биыл қалада 18 адам өлтірілген. Оларды жазым еткен қаскөйлердің барлығы қолға түсіпті. Ал, қылмыстарды ашу көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір артып отыр.

«Автокөлік айналарының ұрлығы 2,4 пайызға азайды. Өткен жылы – 115 болса, биыл – 47. Бұзақылық 33,2 пайызға төмендеген. Көшеде болған және алкоголь ішіп жасаған қылмыс осы 3 айдың ішінде азайып отыр», - дейді С.Күдебаев.

Новости партнеров