Таразда көпқабатты үйдің 2 кіреберісі карантинге жабылды. Тұрғын үйлерде 2 адамың қатерлі індетті жұқтырғаны анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, карантинге оқшауланған 58 тұрғынның жағдайы қалай? Жалпы карантинге жабылған Жамбыл облысында қосымша қандай шектеулер енгізіліп жатыр?
Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырғандар саны – 46 адам. Соңғы жағдай облыс орталығындағы Аса шағын ауданында тіркелген болатын. 1975 жылы туған тұрғын дертті Нұр-Сұлтаннан келген жақын туысынан жұқтырған. Қазір науқас тұрған 31-үйдің кіреберісі оқшауланды. Сонымен қатар6 дәл осындай тағы бір жайт Массив Қарасу ауданында орын алған. Онда 86 жастағы кейуанадан індет анықталды. Қазіргі таңда науқастар тұрған тұрғын үйлер бақылауға алынған. Ал, азық-түлікті еріктілер мен әкімдік өкілдері өз мойнына алыпты.
«Бұлай карантинде отыру оңай емес. Заңғы қайшы келе алмаймыз, шыдап отырмыз. Мейлі біз шыдаймыз, кішкентай балаларға обал, далаға шығамыз деп жылайды. Күніміз осы терезенің алдында өтіп жатыр. Қайырлы таңымыз, қайырлы түніміз тереземен бітеді. Амалдап жатырмыз. Аллаға шүкір. Тамақты, керек-жарақты әкеліп жатыр. Аш емеспіз. Барлығыңызды сақтануға шақырамыз. Бұның барлығы өтер деген сенімдемін», – деді Тараз қаласының тұрғыны Аягөз МАЙЛИЕВА.
Бүгінде сақтық шаралары мен коронавирус таралуының алдын алу үшін Жамбыл облысы карантинге жабылды. Тиісінше, көлік қозғалысы мен адамдардың сыртта жүруі тиылып жатыр. Қоғамдық көліктердің де жұмыс кестесі қысқартылып, жылжымалы жүйе бойынша жұмыс істеуде.
«10 автопарктен 500-дің үстінде автобус жүретін болса, кешегі күні 93 жүрді. Олардың ішінде 3-4 қана маршруты қысқарған болса, бүгін 9 маршрутты қысқарттық. Бұдан да төмендейтін болады. Өйткені халықтың жүріп тұруына байланысты қысқартуға тура келеді. Азанда, түсте, кешке ғана 3 мезгіл ғана жүретін автокөліктер мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа жетіп алу үшін ғана керек», – деді Тараз қаласының әкімі Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ.
Қала мен облыстағы тыйымды енгізу үшін көлік қозғалысы күштеп тоқтатылып, рейд жұмысы күн-түн демей жүргізілуде. Тиісінше, бейқамдық танытып төтенше жағдай режимін бұзушылар саны да көп. Мәселен, облыста төтенше жағдай жарияланғаннан бастап 179 құқық бұзушылық орын алған. Оның 109-ы сотта қаралып, 82 тұлға айыппұл арқалаған. Ал, тәртіпке бағынбаған 13 күдікті темір торға қамалып отыр. Мамандар іс-шараның тәулік бойы облыстың барлық ауданында жүргізілетінін жеткізді.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Тараздан