Жанып кеткен үйден табылған мәйітті тану мүмкін болмай жатыр

15.06.2021 02:39

Ерменсай ықшамауданындағы тілсіз жаудың тұтанғанын жергілікті тұрғындардың ешқайсысы байқамаған

Алматының Бостандық ауданында үй өртеніп, бір адам қаза тапты. Алайда Ерменсай ықшам ауданындағы тілсіз жаудың тұтанғанын жергілікті тұрғындардың ешқайсысы байқамаған. Ал, толығымен жанып кеткен үйден табылған мәйітті тану мүмкін емес. Оқиға орнына барып келген Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнематериалында.

Ерменсай шағынауданында орналасқан мекенжайда 10 жылдан бері үй иесінің 40 жастағы танысы тұрыпты. Тілсіз жаудың қай уақытта тұтанып, сөнгені белгісіз. Жергілікті тұрғындар өрт әбден өшкенде байқаған. Ал, мәйіт қожайынның танысы немесе бөтен адам екені сараптама арқылы анықталып жатыр. Өйткені түгелдеп күйіп кеткен денені тану мүмкін емес.  

«Маған жазғы ас үйден түтін шығып жатқаны туралы хабар келді. Мен үйге келіп, оның жанып кеткенін көрдім. Бірден онда тұрып жатқан танысыма хабарластым. Алайда кейін оның өрттен көз жұмғанын білдім. Есікті шарқайрақмен кесіп, аштық. Одан соң оқиға орнына аудандық төтенше жағдайлар басқармасы және полиция қызметкерлері келді», – деді үй иесі Андрей Газин.

Мәйіт үйдің ішінде мына есіктің алдында жатыпты. Алдын-ала болжам бойынша марқұм сыртқа шығуға ұмтылғанмен, ол ойын іске асыра алмай кіреберісте қаза тапқан. Ал, үйдің есігі ішінен құлыптаулы болыпты.

Жергілікті төтенше жағдайлар басқармасының мамандары оқиға орнына келгенде өрт толығымен сөніп үлгерген. Бірақ от үй маңындағы жасыл-желекке таралмапты.

«Біз келген кезде үй толық жанып біткен. Үйдің ішіндегі құрылыс жиһаздары толық жанған. Ал, қабырғасы жанбаған. Біз келген кезде қабырғасы жылы болып тұрды. Анықтама жұмыстары жүргізілуде. Өрт қайдан шықты, неден шыққаны анықталуда», – деді Бостандық ауданы ТЖБ аға инженері Ердос Бекпатшаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері Бостандық ауданында 50 өрт оқиғасы тіркелген. Осы орайда төтеншеліктер қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі шараларын сақтап, барынша абай болуға шақырады.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы