|
10.12.2019 | 21:39
8445

«Дәулет» жол құрылысы компаниясы жұмысшылары 4 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр

Қызметкерлердің зейнетақы қорына 2 жылдан бері бір тиын да аударылмаған

«Дәулет» жол құрылысы компаниясы жұмысшылары 4 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр Almaty.tv

Наразы топ бүгін мекеме алдына жиналды. Ал, басшылық тарап болса, күнде «ертең» деп алдап келеді дейді. Сөздеріне әбден сенген қызметкерлер ешқандай құзырлы органға шағым да түсірмеген. Еңбекақыларын даулағандар біздің редакциямызға хабарласып, көмек сұраудан басқа амалдары қалмапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Дәулет» жол құрылыс компаниясы нарықта біршама жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін жалақы кешіктіру мәселесі болған емес дейді жұмысшылар. Компания басшылығы желтоқсан айының басында «құрылысқа ақша жоқ» деген желеумен жұмысшыларды таратып жіберіпті. Олар тамыз айынан бері жалақыларын алмаған. Бәрі де – үйлерінің жалғыз асыраушылары. 

«Менің бұл фирмада істеп жатқаныма 2 жыл болды, бұрын жалақы мүлдем кешікпейтін әрі толық алып жүрдік. Бұл созылу мамыр айынан басталды, 2 ай созып бір алдық, арасында дауласып бір алып, маусымның айлығын қыркүйекке қарсы әрең алдық, содан бері айлық жоқ», – деді жұмысшы Қуаныш САУЫТБЕК.

«150-130 болатын жалақымыз, одан оны кесіп тастады қазір 80-70 алып жатырмыз. Соның өзін тамыз айынан бері алған жоқпыз», – деді жұмысшы Қанат БОРАНБАЕВ.

Нәпақа дауынан бөлек, қызметкерлердің зейнетақы қорына 2 жылдан бері бір тиын да аударылмады дейді. Бірақ, жалақы қолдарына тиген кезде арнайы зейнетақы қорына деп үстемесін ұстап қалатын көрінеді. Ал, ол ақшаның қайда кетіп жатқанынан бейхабар. Өткен жылы жұмысшылар Алматыдан бөлек, Қарағанды мен Қостанай қаласындағы 2 көпірді күрделі жөндеуден өткізген. Наразылық танытқан топқа мердігер компания басшысының орынбарасы да келді. Келді де, әдеттегі уәдені үйіп-төкті.

«Жалақыларыңызды береді, кім жұмыс ітеді, тізімге қараймыз да бәрін толық береміз», – деді жұмыс берушілер.

«Зейнетақы жарнасы түскен жоқ, екі жылдан бері», – деді жұмысшылар.

«Зейнетақы жарнасын да толық аударып береміз», – деді директордың орынбасары.

Жұмысшылар «осы аптаның соңы мен ертең» деген сөздерді алғаш естіп отырған жоқпыз дейді. Бұған дейін де құр уәдеге алданып келген олар еңбекақы беріп қалар деген үмітпен еш жерге барып шағым түсірмеген. Басшылық тарап жалақы кешіктірілуінің себебін, нарықтағы жол құрылыс материалдарының қымбат болуымен түсіндірді.

«Апта соңына дейін 100 пайыз бәрін жабуға тырысамыз. Кешіктірген себебіміз, біздің 2-3 нысанымыз бар, техникалық жағынан үлгерк алмай жатырмыз. Материал да, жағармай да қымбат. Ақшаны жеткізе алмай отырмыз. Біз нысанды жабуымыз керек. Мына жігіттердің ақшасын апта соңына дейін береміз», – деді «Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Бауыржан ФАЗЫЛХАНҰЛЫ.

Мердігер компания соңғы 4 айда «Алтын Орда» базарындағы көпір мен «Ұлжан-2»  шағынауданындағы жолдарды жөндеп тапсырған. Қыруар аумақты міндетіне алған мердігер компанияның жұмысына қызметкерлер күмәнмен қарап отыр. Олар осы аптаның соңына дейін ақша берілмесе, еңбек инспекциясына хат жазбақ.

Ұлағат Арғынұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир