Алматыда арзан көлік сатқан компанияның кесірінен жазықсыз жандар сотталып кеткелі тұр

04.02.2020 02:41

"Жеңіл көлік сатамыз" деген жарнама берген алаяқ тұтынушылар атына қомақты несие рәсімдеп жоғалып кеткен

Олар аз ақшаға жеңіл көлік сатамыз деген жарнаманы ғаламторға салып, кейін тұтынушылар атына көп көлемде несие рәсімдеп жоғалып кеткен. Енді кесірі, сол жерде жұмыс жасағандарға тиіп жатқан көрінеді. Құзырлы орган өкілдерінен әділдік іздеген ата-аналар бұқаралық ақпарат құралдарынан көмек сұраудан басқа амалдары қалмапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдос Әділов – Алматыдағы көлік сататын жеке компанияға көлік жүргізушісі болып жұмысқа кіреді. Елдостың қызметі қалаға келген тұтынушыларды кеңсеге апарып, компания қызметкерлерімен кездестіру. Арада 2-3 ай өткен соң, өзін Максим деп таныстырған компанияның басшысы да, жасап жүрген қызметтері де жалған болып шыққан. Істің шикі тұсы да осы кезден басталыпты. Ал, қарамағындағы жазықсыз қызметкерлерді кінәлі деп айыптап, күштеп қол қойдыртқан көрінеді.

«Алдына алып келеді де, қағазды қолымен жауып тұрып, қол қойдырған. Өзі қорқып отырған бала қол қойып жіберген. Сөйтсе, ол «кінәмді мойындаймын» деген құжат екен. Оның бәрі Максим Пактың істеп жүргені», - дейді Елдостың әкесі Алмасбек ӘДІЛОВ.

Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Әке-шешесінің шырылдайтыны да сол. Бір үйдің жалғыз баласы. Жасы 23-тегі жігіттің қырқынан шықпаған бір баласы бар.

Тіпті, компания басшысы Максим Пак Елдосты жазықсыз айыптап, кейіннен шығарып алуға ата-анасынан ақша да бопсалапты.

«Соттан кейін Максим Пактың көлігін жүріп бара жатқан жерінен ұстап алдым. «Саған ақша бердім ғой, баламды шығарып берем дегенің қайда?» деп айттым. Сөйтіп ем, ол қорқып қашып кетті», - деді Елдостың әкесі Алмасбек ӘДІЛОВ.

«Алматы қаласы, Алатау аудандық соты біздің, қорғаушылардың айтып жатқан пікіріне оң көзқараспен қарайды деген үміттеміз. Айыпталушы, туыстардың айтуынша, жасалған қылмыстық іске бұл баланың еш қатысы жоқ. Қазіргі сотқа дейінгі жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына жазықсыз Елдосты ақтап шығу үшін барлық дәйектер жиналып жатыр», - деді адвокат Бауыржан АЗАНОВ.

Алатау аудандық сотына өзінің алданып қалғанын айтып шағым түсірген қызылордалық Индира есімді келіншек те бар. Ол арзан көлік аламын деп Алматыға келген. Сөйтіп, Максим Пак есімді адам оның атына заңсыз 22 млн теңге несие рәсімдепті. Ал, тәртіп сақшылары болса, мұндай шағымданушылар тек Алатау аудандық сотына емес, Әуезовке де келіп түскенін айтады.

«Қазір Алатау және Әуезов аудандық сотында аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысты деген айыппен сотқа дейінгі қылмыстық іс қозғалып жатыр. Күдіктілердің туыстары мен олардың қорғаушыларын Алматы полиция департаменті қабылдады. Конструктивті сұхбат барысында жасалған қылмыстық іске нақты кімнің айыпты екені анықталып жатыр», - деді қалалық ПД ресми өкілі  Салтанат ӘЗІРБЕК.

Өздерін сүттен ақ, судан тазамыз деген күдіктілер қазір ұстатпай жүр екен. Ал, істе Елдостың кінәсі дәлелденсе, бірнеше жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.