Азалы күн: Анасы қалды аңырап, баласы қалды шырылдап

30.08.2021 в 02:41

Өмір мен өлімнің таразысында өз жандарын құрбан еткен бұл батырлар - ерлігімен халықтың есінде қалмақ

«Ер есімі - ел есінде». Қара жамылған қазақ елі Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандарды «бейбіт күннің батырларына» теңеуі бекер емес. Ал, өз қызметі жолында жанын құрбан еткен арыстай азаматтарымыз өмірде қандай жандар еді? Бұл туралы  Almaty.tv  тілшісі дайындаған материалда.

Әскери прокурор Арман Қапезов тірі болғанында биыл 45-ке келер еді. Жамбыл облысындағы жарылыста өртті сөндіруге алғашқы болып ұмтылған ол адам қазасының алдын алуға тырысыпты. Алайда, өртенген базаға кіріп, кері қайта алмаған. Тілсіз жау айбынды азаматтың өмірін жалмады. Артында кәмелетке толмаған 4 баласы, қара жамылған жары мен анасы қалды. Әкесі де әскери прокурор болған екен. Жақындарының сөзінше, ата жолын қуған азамат өмірде адал жар, жақсы дос, жауапты маман болыпты.

Аяусыз жаумен күресте қаза болғандардың бірі - өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары Александр Микропуло. Сол күні кезекшілікте болған марқұмның департаментте жұмыс істегеніне 26 жылдан асқан. Содан бері талай өрт сөндіруді басқарыпты.

Тараз қаласында көпқабатты үй жанғанда 3 бала мен 4 тұрғынның өмірін өлімнен арашалап қалған. Тағдырдың жазғаны болар дейді туыстары. Ержүрек азамат - соңғы кезекшілігінде де қайсар мінез танытып, жан пида болды.

Айбынды әскерлердің қатарында Оразбек Дәлібаев пен Руслан Жанболатов, Елдос Сандыбаев, Арнұр Темірболатов та ерлікпен қаза тапты. Ал, Марат Мешінбай 24 тамызда ғана 40 жасқа толған еді. Өз қызметіне адал болған ол енді зейнет жасына шығып, бейнетін көрем бе дегенде қыршынынан қиылып отыр. Сұм тағдыр осылай, артындағы 3 перзентін әке жылулығынан жұрдай етті.  

«Жаным-ау, оның орны толмайды ғой. Артында шырылдап бала-шағасы, бауырлары қалды. Қырық жасқа 24 тамыз күні толған еді, 27-сі күні таңңертең қаралы хабар келді», – деді М. Мешінбайдың анасы Қымбатгүл Әлібаева.

Қызыл жалын аға өрт сөндіруші Тәңірберген Төребековтің де өмірін жалмады. Асқақ арманы мен мақсаты көп жас боздақ көзі тірісінде баспана алуды жоспарлапты. Алайда, оған да қол жеткізе алмай кетті. Артында қан жұтқан аяғы ауыр келіншегі мен шырылдап 3 балапаны қалды. Байзақ ауданында Нәдірбековтер әулеті де қара жамылып отыр. Еркін Нәдірбеков - қара шаңырақтың жалғыз ұлы еді. Қайғы ең алдымен анасы мен жарының қабырғасын қайыстырды. Енді кәмелетке толмаған төрт баласы марқұм әкелерін құшақтай алмаса да, «халық батыры» деп қана еске алмақ.

«Осы апат орын алған кезде ол өзінің ең бірінші міндеті санап, өртпен алысып, жанын қиды», – деді Е. Нәдірбековтің әпкесі Гүлшара Нәдірбекова.

Жойқын жарылыстың салдарынан облыстық департамент бастығының орынбасары Мейіржан Айманов та мерт болды. Артында аңыраған 5 баласы мен қария ата-анасы, аяулы жары қалды. Етегі жасқа толған жақындары марқұммен соңғы рет тілдескенде өрт сөндіруге шыққанын хабарлаған. Оқиға орнына алғаш жеткен ол бірнеше әріптесінің өмірін құтқарып, өзі ажал құшыпты.

Жергілікті өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Себебі ол жарылыс күні өртті сөндіру бригадасын басқарған. Әріптестерінің сөзінше, қызметкерлерді қауіпті аймақтан эвакуациялауға қатысып, бірнеше адамды құтқарды. Бірақ екінші рет жарылыс болып, өзі қайтыс болды.

Төтенше жағдай із-түзсіз жоғалғандардың жақындарының да жүрегін шүберекке түйді. «Не тірі, не қаза болғанын» білмей отқандар «ең болмағанда сүйегін тауып беруді» сұрап отыр. Кеңес Әліби де жарылыс болған жерге алғашқы өрт сөндіру бригадасымен барған. Атадан қалған жалғыз тұяқ - үйінің тұңғышы. Өзінен кейін 4 қарындасы бар. «Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған» туыстары 3 күннен бері дабыл қағып, іздестіруде.

«Менің ағамның жоғына 3 күн болды. Мен ағамды қатты сағындым. Түсімде ағамды көрдім. «Әліби көке, қарның қатты ашып қалыпты ғой, көп тамақ же» дедім. Сосын көкемнің қолында дәу жара бар екен. Сосын 3 секундт мені және Саконы құшақтап жатты. Менің ағамды тауып беріңіздерші», – деді К. Әлібидің қарындасы Альбина Кеңес.

Бүгінде өртті сөндіру кезінде жоғалған 3 азаматты іздестіру жұмыстары жалғасуда. Өмір мен өлімнің таразысында өз жандарын құрбан еткен бұл батырлар - ерлігімен халықтың есінде қалмақ. Жанға бататыны - бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздан айырылдық. Сол қайғы.

Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы