Марқұмның достары қызмет бабында опат болған азаматтың аты-жөні айтылмай жатқанына наразы
Жамбыл облысындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан 14-адамның кім екені белгілі болды. Бұл туралы журналист Ирина Советжанқызы өзінің instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Саят Әлімбеков 28349 әскери бөлімінің офицер-майоры, артында 3 баласы қалды. Журналистің сөзінше, марқұмның достары қызмет бабында опат болған азаматтың аты-жөні айтылмай жатқанына наразы.
«Бұл – Саят Әлімбеков, офицер-майор. Кеше апат орнынан 14-адамның денесі табылды деген ақпарат тарағанымен, кім екені айтылмады. Кеше түстің кезінде табылған азамат – офицер-майор Әлімбеков Саят Жанатұлы. 1985 жылғы. Ол 28349 әскери бөлімінің офицер-майоры екен. Саяттың артында үш баласы қалды, үлкені
6-сыныпқа барады, жалғыз ұлы биыл 1-сыныпқа аяқ басады екен. Марқұмның достары қызмет бабында опат болған азаматтың аты-жөні айтылмай жатқанына наразы», – деп жазды Ирина Советжанқызы.
Кеше, 29 тамызда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев "Алматы" арнасының тікелей эфирінде марқұмның денесі табылғанын хабарлаған болатын.