Түркістан облысында кеңсеге ұрлыққа түскен қарақшылар ұсталды

20.03.2021 02:10

Қазір аталған жайтқа қатысы бар деген 4 күдікті анықталып, үшеуі қолға түскен

Фото: ашық дереккөзден алынды

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында кеңсеге ұрлыққа түскен қарақшылар ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға 14 наурыз күні таңғы сағат төрт жарымдар шамасында болған. Бетперде киген төрт азамат газ мекемесінің ғимаратына терезе арқылы кіріп, ауысымға түскен диспетчердің аяқ-қолын байлап тастап, ұрып-соққан. Ал кеңсе ішінен қомақты қаржысы бар сейфті алып кеткен. Оның ішінде тұрғындардың газға төлем жасаған ақшалары, яғни 2 жарым миллион теңгеден астам қаржы болған. Қазір аталған жайтқа қатысы бар деген 4 күдікті анықталып,  үшеуі қолға түскен. Ұсталғандардың барлығы Сарыағаш ауданының тұрғындары, олардың үшеуі бұрын сотты болған. Төртінші күдіктіге іздеу жарияланды. Қарақшылар қолды қылған қаржыны өзара бөлісіп, тіпті бас пайдаларына жаратып та үлгеріпті.

«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркелді. Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы мен Сарыағаш ауданының тәжірибелі деген полицейлерінен арнайы топ құрылды қылмыс толық дәлелденіп, айғақ зат ретінде сейф тәркіленді. Бүгінгі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық Полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Нысанбаев.