СҚО-да су тасқыны қаупі әлі де сақталуда

27.04.2021 23:29

Қазір мамандар өзендер мен көлдердегі су деңгейін тәулік бойы бақылауда ұстап отыр

Almaty.tv

Солтүстік Қазақстанда бір тәулік ішінде Есіл өзеніндегі су деңгейі 9 см-ге көтерілген. Кесірінен өңірде су тасқыны болу қаупі бар. Ал, аймақты қызыл судан қорғау үшін қандай шаралар жүзеге асырылмақ? Дайындық жұмыстары қалай? Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі Диана Есім жалғастырсын.

Мамыр айының басында өңірде су тасқынының екінші толқыны болады деп күтіліп отыр. Қазір мамандар өзендер мен көлдердегі су деңгейін тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Сөздерінше, әзірге жағдай тұрақты, бірақ болжам бойынша, алдағы бірнеше күн ішінде Петропавл қаласына су келуі мүмкін дейді.

«Облыстың кішігірім өзендерінде судың төмендеуі байқалады. Су тасқынының шыңы Новоникольское ауылында өтті. Максималды деңгей 25 сәуірде тіркеліп, 1350 см құрады, қазіргі уақытта Петропавл қаласында су деңгейі жоғарылап келеді. 26 сәуір таңғы сағат 08.00-де ол 1000 см құрады. Тәулігіне 18 см-ге көтерілген. Болжамды су тасқынының шегі 27-30 сәуірде болады деп күтілуде», – деді облыстық «Казгидромет» РМК филлиалының инженері Роман Гиричев.

Қазіргі уақытта облыста саяжайларды су басу қаупі жоғары екен. Бүгінде ондай саяжай саны 100-ге дейін жетіп отыр дейді мамандар.

«Біз өткен жылмен салыстырғанда минималды шығындар болады деп күтеміз. Әрине, су өткен жылға қарағанда аз болады. Негізгі ағындары Новоникольскіден келеді, ал Покровка кентінің өлшеу станциясында келесі соңғы 2 күнде тұрақты минус байқалады. Негізгі су қала шегіне жақындады», – деді облыстық ТЖД бөлім басшысы Сәкен Ағзамов.

СҚО-да су тасқыны басталғаннан бері 12 автожолды су басқан. Қазіргі уақытта 11-інде көлік қозғалысы қалпына келтірілді, ал 1-і әлі де су астында. Бұл жерде судың тереңдігі 40 см-ге дейін жетеді екен.

Диана Есім, Қуаныш Әлтенов, «Алматы» телеарнасы, СҚО