Қаржылай көмек немесе қол ұшын берем дегендер болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласуға болады
Алматыда өрттің кесірінен баспанасынан айырылған отбасы 3 ай бойы далада тұрып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тілсіз жау жанұяны барынан айырған соң, барар жері, басар тауы болмаған. Тіпті, карантин кезінде қиын жағдайға душар болған отбасы ешқандай көмек те алмапты. Ал, өрт не себепті орын алған және төтенше жағдайда назардан тыс қалған отбасыға енді қандай жағдай жасалмақ?
«Қандай қиын жағдай болса да, біз біргеміз». Осындай ұстанымды ұран еткен Руслан Нугманов баспана мәселесін шеше алмай жүргеніне 3 айдың жүзі болған. 21 ақпанда үйі өртеніп, құжатына дейін жанып кеткен. Қайғылы оқиға карантин кезіне тұспа-тұс келіп, үй иесі қандай да бір заңды шешім мен көмектен құр қалыпты.
«Бұл үйде 20 жыл бойы тұрдық. Өрттің кесірінен барымыздан айырылдық. Мәселемізді шешіп, құжаттарды жасау үшін көп жерге бардық. Бірақ карантин басталған соң, біздің жағдайға көз жұма қарады. Жарымыз екеуіміз қыстың қақаған аязы мен нөсер-жаңбырда далада күн кештік. Қайғымызға ортақтасқан жандар да табылды», – деді үй иесі Руслан НУГМАНОВ.
Абырой болғанда, отбасы мүшелері дін аман. Екі ересек баласы бар Руслан дәнекерлеуші, ал әйелі аспаз болып жұмыс істеген. Төтенше жағдай басталғанда табыссыз қалған.
Өртке оранған бұл Гончарская көшесі бойындағы нөмірі 133-үйден түк қалмаған. Тек қана күйген үйінділер мен ашық аспан астында қиналып өмір сүріп келген бұл отбасы жылынып, тамақ жасау мақсатында өрттен жалғыз аман қалған ағашты отын ретінде пайдаланып келген. Карантин кезінде осындай қиын жағдайға душар болғанына жаны ашыған көршілері мынадай газ плитасы мен газ балондарын әкеліп, барынша көмек қолдарын созған.
«Қолымыздан келгенше қаржылай және азық-түлікпен көмектестік. Өте ауыр жағдайда күн кешіп жатыр. Жанымызға батады. Барлығымыздың баспаналарымыз кішкентай ғана. Сонда да қыста бірге тұруға шақырдық. Олар бас тартты. Енді құзырлы ұйымдар көмектесіп, жомарт жандар қолдау білдірсе деймін», – деді көршісі Любовь БАЛКУНОВА
Гончарный көшесінде 5 жылда 6-баспана өртке оранды дейді тұрғындар. Қазір сол үйлер күйген қалпында иесіз тұр. Десе де Русланға бұл мәселені шешу үшін қалалық төтенше жағдайлар департаментінен талдау сараптамасының нәтижиесі мен электронды қолтаңба қажет болған. Өрт салдарынан техникасыз қалып, карантинде тіпті онлайн қызметті де ала алмаған.
«Ағымдағы жылдың 21 ақпанында 15:38-де Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің 1014 пультіне Жетісу ауданындағы Гончарный-2, 133-үйіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Тез арада нөмірі 8-өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары жіберілді. Өрттің себебі үй жабындысының электр желінің қысқа тұйықталуынан пайда болған», – деді қалалық ТЖД ресми өкілі Гүлдана НҰРЫМБЕТОВ.
Амалы қалмаған үй иесі аудандық әкімшілікке де барған. Карантиннен кейін бүгін жұмысын бастаған аудандық әл-ауқат бөлімі бірден құжаттарды дұрыстауға кірісті. Десе де алдағы уақытта комиссия құрылмақ. Тек барлығы дұрыс болғанда 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек беріледі деді. Ал, әкімдік өкілдері шешім шыққанша, Русланның отбасына өз қаражатынан көмек бермекші.
«Көмек көрсету үшін ол кісінің өтініші керек. Өтінішіне қажетті құжаттар тіркелу керек. Оның біреуі – ол кісінің табыс көзі, бәрін есептеп қарауымыз керек. Ол кісі еңбек адамы ма, қызметі бар ма дегендей. Бірақ 5 күннің ішінде 500 мыңнан басқа, ол кісіге алғашқы жағдайғағы көмек көрсетіледі: ыдыс-аяқ, киім-кешек, азық-түлік», – деді Жетісу ауданды Әлеуметтік әл-ауқат бөлімінің басшысы Айсұлу СӘРСЕКЕЕВА.
Алдағы уақытта комиссия шешімі шықса, үй иесі 10 маусымға дейін қаржылай көмек алады. Ал қаржылай көмек немесе қол ұшын берем дегендер болса, экранда көрсетілген нөмірге хабарласуға болады.
Аяулым Көлжігіт, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы