«Қызметкерлерді клубтың ішін жинастыруға шақырдым»: Карантин режимін бұзған ойын-сауық кешені иесі осылай ақталды

28.04.2020 03:00

Алматыда төтенше жағдайдың режимін бұзған 1861 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған

Almaty.tv

«Қызметкерлерді клубтың ішін жинастыруға шақырдым». Алматыда карантин кезінде жұмысын тоқтатпай, келушілерді қабылдап жатқан ойын-сауық кешені иесі осындай сылтау айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді. Алып шаһарда кезекті рейд өткізген тәртіп сақшылары екі ауданда жұмыс істеп тұрған караоке мен түнгі клубты анықтаған. Көңіл көтеретін орындарда бас-аяғы 40-тан астам адам болған. Олардың тек алтауы персонал.

«Енді бұл клубтардың ішінде адамдар карантин жайлы білмеген сияқты. Өтйкені олардың жұрыс-тұрысына  қарағанда төрт дүниесі түгел болып отыр екен. Спирттік ішімдік ішкен. Ән айтып, би билеп жүр. Қандай да бір сақтық шараларын таныту деген мүлдем жоқ. Барлығы Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.    

Жалпы карантин басталғалы бері  Алматыда төтенше жағдайдың режимін бұзған 1861 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соттың шешімімен 534-і қамауға алынды. Қалғандары айыппұл төлейтін болады. Оған қоса, көшеде себепсіз жүрген 1466 адам ұсталса, оның 334-і қамалған.