Алматы облысында мас жүргізуші жолаушы орындығына мал салып алған

21.12.2020 03:10

Жүргізушінің ​үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысында мас жүргізуші жолаушы ретінде бұқа тасымалдаған, деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полиция жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізушінің жеңіл автокөлігіндегі жолаушылар орнынан төрт айлық бұқаны тапты.

Таңертең Алматы Өскемен автожолының 230 шақырымында Көксу ауданы Балпық би кентінің жанынан №30 борт патрульдік полиция 2-взводының патрульдік полицейлері масаң күйде болған, Мұқры ауылының 31 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Фольксваген Гольф» автокөлігін тоқтатқан. Тәртіп сақшыларының таңданысына қарай артқы орындықта жолаушы ретінде бұқа отырған.

«Жүргізушінің 2019 жылы үш жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Аталған дерек ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігіне сәйкес СДТБТ-де тіркелді. Күдіктінің ішімдік ішкеннен кейін көрші ауылда тұратын ағасына төрт айлық бұқаны апаруға шешім қабылдағаны белгілі болды», – деп хабарлайды Көксу АПБ бастығы Рамиль Гимадиев. 

Автокөлік айып тұрағына қойылды. Ал күдіктіге қатысты мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттеме түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

«Барлық жүргізушіге рөлге масаң күйде отырмаңыз, өзіңізді және өзгелерді сақтаңыз дегім келеді. Естеріңізге сала кетсем, көлік құралдарын мас күйінде басқарғаны үшін басқару құқығынан айырылған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Құқық бұзушыға қатысты ірі айыппұл немесе басқа бес жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қолданылуы мүмкін», – деп толықтырды Рамиль Гимадиев.