Басты міндет – коронавируске тосқауыл қою
Алматыда карантин басталғалы бері дезинфекция жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір қалада залалсыздандырудың 10-кезеңі. Басты міндет – коронавируске тосқауыл қою, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мамандар бір тәулік ішінде арнайы қоспамен мыңнан аса подьезді тазалап шыққан. Бүгін мереке күнінде де жұмыс бір мезетте тоқтаған жоқ.
Жұмыстарын жақсы көретін тазалық мамандары мереке күнінде белгіленген кестеден кеш қалған жоқ. Олар сүйікті қаламыздың аулаларын тазалауды өздеріміз қаладық дейді. Бұл жолы Алмалы ауданындағы Мұратбаев көшесі дезинфекцияланды.
«Дезинфекцияны аптасына 2 рет жасаймыз. 3 квадратымыз бар. Әр квадратта көпқабатты 45 үй бар. Қазір күн ысып келеді. Ауыр. Әр қабатқа моторлы шашыратқымен 50 килограмдай дезинфекциялық заттарды шашып, күніге осы тәсілмен жұмыс істеп отырамыз. Әр үй 12 қабаттан тұрады 3 кіреберісі бар, баспалдақтары, дәліздері бар. Солардың барлығын залалсыздандырамыз», – деді Алмалы ауданы бойынша дезинфекция бөлімінің маманы Ермек ЖАҚСЫБАЕВ.
Бұл дауыс көпке таныс. 5 сағат бойы химиялық препарат сіңіп кетуі үшін керек. Ұжым басты назарды подьездің кіреберісі, ойын алаңдары мен баспалдақтар, ұстағыштарға аударады. Олар күн сайын осы мақсатқа 2 мың литр арнайы қоспаны жұмсайды. Мамандардың жұмысын тұрғындар да қадағалап тұрады.
«Жақсы тазалап етіп жатыр. Көрдік. Подьездге келді. Бір емес, екі-үш рет келді. Бір аптада екі рет келіп, дезинфекциялағанын көрдім. Жұмысы жақсы. Балалар ойнайтын алаңдарды да тазартып жатыр», – деді қала тұрғыны Малике ТОҚСЕИТОВА.
Жалпы карантин аяқталғанға дейін Алматыда санитарлық тазалаудың 16 айналымын өткізу жоспарланып отыр. Осылайша, 500-дей маманның арқасында қаладағы 8 жарым мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй, ондағы 24 мыңнан аса подьезд бен 4 мыңнан аса аула тазаланбақ.
Жадыра Омаржан, Рамина Мирзалимова, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы