ТЖД жылыту маусымының соңында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді
Алматыда жыл басынан бері 19 адам тұншықтырғыш газдан уланған. Күні кеше Наурызбай ауданындағы үйлердің бірінде 18 жастағы алматылық тұншықтырғыш газдан иіс тиіп, көз жұмды. Марқұмның көршілері қайғылы жағдай газ пешін дұрыс пайдаланбаудан болды деп болжап отыр. Ал Төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымының соңында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керек екенін еске салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Газдан уланып көз жұмған марқұмның туыстары бұл үйді жалға алып тұрған екен. Оқыс жағдай орын алған күні жас жігіт үйде жалғыз болыпты. Көршілері ол пешті дұрыс жаппаған деген болжам келтіруде.
«Газға немқұрайлы қараған сияқты. Газды дұрыс жаппаған болуы керек. Сіріңке жаққанда бірден өшіп қалған-ау. Бірден қайтыс болыпты. Бізге үйде адам барын ескерткенде, бақылып тұрар едік қой», – дейді марқұмның көршісі Сүндетәлі Сәтбаев.
Алдын ала мәліметтер бойынша, марқұм газдан уланған. Оқиғаның анық-қанығын сараптама нәтижесі көрсетпек.
«Бұл үйге қызмет көрсететін мекеме – «Тәуекел газ». Ол біздің департаментке пеш жабдықтарының дұрыс орнатылмағанын, сондай-ақ сот-медициналық сараптама қорытындысын ұсынуы керек. Соның негізінде біз нәтиже шығарамыз», – деді Наурызбай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Әлішер Түбеков.
Құтқарушылар жылыту маусымының басына қарағанда, маусымның соңына қарай көпшілік өрт қауіпсіздігі ережелерін ескермейтінін айтады. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері жеке сектор тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізеді.
Жанар Ғаниқызы, Динара Сабитова, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы