Із-түссіз жоғалған балалар: Полиция өкілдері ата-аналарға ескерту жасады

17.09.2021 в 03:28

Адасып қалған бүлдіршіндер және үйден өз еркімен кетенін 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер

Алматыда жыл басынан бері 40-тан астам бала жоғалған. Барлығы дерлік түрлі себеппен үйінен өз еркімен кеткен 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Абырой болғанда, бәрі табылып, ата-аналарына аман-есен қайтарылған. Жалпы, балалар неге өз үйінен безеді? Полиция инспекторларымен арнайы рейдке барып қайтқан Almaty.tv тілшісі жалғастырсын. 

Бұл Жетісу ауданының Ювеналды полициясында тіркеуде тұрған тұрмысы нашар отбасы. Үйде 5 бала бар. Мемлекеттен жәрдемақы алады. Аудан әкімдігі 3 балаға мектеп формасынан бастап, барлық керек-жарағын алып берген. Отағасы жұмыс істейді. Бірақ үйде қарапайым тазалық жоқ. Отбасы өте салақ тұрады.

«Сәтсіз отбасы ретінде тіркелу себебі осы балалардың тұрмыс жағдайы жасалмаған болатын. Бұл отбасыға айына екі рет келіп тексеріп, профилактикалық әңгіме жүргіземіз», – деді Жетісу ауданы ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің қызметкері Шынар Төлегенова.

Бұл күндері қалада өтіп жатқан «Жасөспірім» операциясы аясында Медеу ауданының Ювеналды полиция қызметкерлері Орталық демалыс және мәдениет саябағын тексерді. Түнгі сағат 11-ден кейін онда кәмелетке толмағандар толып жүр. Полиция олардың ата-анасына қоңырау шалып, шақыртуға мәжбүр. Бірінші рет ескерту жасалса, екінші рет айыппұл салынады.

«Осы жылдың басынан бастап Алматы қаласында 40-тан астам баланың өз еркімен үйден кету фактілері тіркелді. Балалардың үйден кету себептері әр түрлі болады. Отбасында жанжал ата-анамен, баланың өз еркімен бөлек тұрғысы келетіндігі, сабақ оқығысы келмейтіндігі, бір жаққа қыдырып келгісі келеді», – деді қалалық ПД ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова.

Жоғалған балаларды екі топқа бөлуге болады. Адасып қалған бүлдіршіндер және үйден өз еркімен кетенін 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Оларды іздеуге белсенді атсалысқан еріктілер жыл басынан бері Алматы қаласы және облысы аумағында 130-дан астам баланы тапқан.

«Бұл үлкен команданың жұмысы. Өздері ақпарат жинайтын адамдар бір бөлек. Ауруханаларға телефон шалатын адамдардың жұмысы бір бөлек. Былай іздеуге шығатын адамдар бір бөлек. Оңай емес. Бірақ бала жоғалды деген ақпарат келген кезде, көп адамдар отыра алмайды», – деді Lider.kz еріктілер ұйымының мүшесі Ляззат Тәлімова.

Десек те, алдыңғы жылдармен салыстырғанда биыл балалардың жоғалуы азайған, бұған карантиндік шектеулер де әсер етсе керек. Алайда түн ортасында балардың қала көшелерінде тентіреп жүру оқиғалары жиі кездеседі. Тек соңғы 3 күнде полиция осындай 265 баланы анықтаған.

Айнұр Қапышова, Мейрам Исабеков, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы