«Өз тапаншасының оғынан өлген» жауынгер сол күні маңызды нысанды күзетіп қарауылда тұрған. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, Алматыда мерт болған 21 жастағы Абылай Сабыров қару-жарақ қолдануды жетік меңгерген. Қауіпсіздік ережесін де білген. Алматыдағы №3650 әскери бөлімінде келісімшартпен жұмыс істеген марқұм бұған дейін мерзімді қызметте Отан алдындағы борышын өтеген. Әскери шенділер оқыс оқиғаға қатысты өзге мәлімет тергеу қорытындысы шыққанда мәлім болатынын хабарлады. Марқұмның ата-анасы мәйітті бүгін Текелі қаласына алып кетті.
«Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғап, мән жайды тексеріп жатыр. Ал біз өз тарапымыздан Ұлттық ұланның бас қолбасшылығы қазіргі таңда қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр», – деді ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешев.