Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режимі енгізіледі

11.05.2021 19:12

Ол жөнінде жауапты министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді

Фото: lada.kz

Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режимі енгізіледі. Ол жөнінде жауапты министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді. Оның айтуынша, Риддер қаласының Лесхоз кентіндегі орман өртінің алғашқы ықтимал себептері ретінде мамандар қасақана өртеу және отты абайсыз қолдану нұсқаларын қарастыруда. Жалынды әуеден сөндіру жұмыстарының нәтижесінде бүгін сағат 07.00-де елдімекен аумағындағы өрт сөндірілген. Қазіргі уақытта жекелеген учаскелерде ағаш діңдерін сөндіру жүріп жатыр. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпыған, деп хабарлайды Almaty.tv

«Өрт бес көшені шарпыған. Атап айтатын болсақ, Комисаров, Сосновый бор, Коммунальная, Лихачев және Жуковский. Аталған көшелерде 59 тұрғын үй болған, оның ішінде 37 тұрғын үй өртенді. Оның 9 шаруашылық құрылыс. Өртенген үйлерде 83 адам тұрған. Зардап шеккен 13 адам жатақханаға жатқызылды. Қалған 68 адам туысқандарының үйіне орналастырылды. Өрт орнында 1948 жылы туылған әйел адамның денесі табылды. Сондай-ақ, ауруханаға 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам жеткізілді. Екеуінің де жағдайы ауыр. Денесінің 88 және 80 пайызын күйік шалған», – деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.    

Мемлекет басшысы Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы дала өртіне байланысты сот сараптамалары тағайындалды. Полиция департаментімен құрылған арнайы жедел-тергеу тобының қызметкерлері бейнежазбаларды зерделеп, куәлардың жауабын мұқият тексеруде.

«Полиция қызметкерлері 10 мамырда шыққан алапат өртке байланысты ҚР ҚК-нің 204-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Аталған бап бойынша 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Күдікті ретінде бұрын сотты болмаған, 35 жастағы Риддер қаласының тұрғыны ұсталды. Оның абайсыздығы осындай ауыр салдарға әкеп соқты», – деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Елдос Закимов.