«Бүтін бір ауыл алаяққа алданып қалдық». Жамбыл облысында төрт елді мекен тұрғыны, 1 жыл ішінде ауылды толықтай газдандырамыз деген фирмаға 27 миллион теңге жинап берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді көгілдір отын да, қаржы да жоқ. Ашуланған ауыл тұрғындары жағдайды бақылаусыз қалдырған аудан әкімдігіне өкпелі.
Жаңатұрмыстықтар бірнеше жыл ауыз су мен газдан тарығып отырғандарын айтады. Оның үстіне, 6 жыл бұрын ақшаны жиып алған фирма, жығылғанға жұдырық болды дейді олар. Ауылдықтарға арзан бағада газ тартып беремін деген мердігер 9 млн теңгені алып, тайып тұрған.
«Аққар» деген фирма келді дағы, елдің бәрінен 360 мың теңгеден ақша жинап әкетті. Сөйтті де, өздері жоқ болып кетті. Түбінде халық кімнен ақшаны дауларын білмей қалды», - деді тұрғындардың бірі.
«Үйме-үй әрқайсысымыз 100 мың, 200 мыңнан ақша бердік, содан міне жоқ», - деді келесі бірі.
«Келеді де, ауданның әкімінен бастап, бәрін алдайды. Жылдағы әңгіме сол, 6 жыл кетті сол өтірікке құр сенумен», - дейді.
Ауылға газ құбырын емес тек бағандарын қадап кеткен мердігер компания - «Аққар-2009» дейді. Көрші ауданда тіркелген мекеме Жаңатұрмыспен қатар Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты 4 ауылдан жалпы көлемі 27 млн теңге жиған екен. Ал, аудан әкімдігі мәселеге қатысымыз жоқ, - деп қысқа қайырды. Бүгінде, биліктегілер ауылдықтарды 6 жыл бойы алаңдатқан мәселені енді ғана өз бақылауына алған.
«Біздің келісім-шартқа ешқандай қатысымыз жоқ. Ол жеке тұлғамен өздері келісім-шартқа отырды. «Аққар» фирмасы бас тартты, енді басқа фирмаға өткізейін деп отырмыз. Енді ол басқа фирмамен келісім жасау үшін, жаңа сметалық құжат жасалып жатыр. Сметалық құжат бітсе 21-де басталады деп отырмыз», - деді Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Шаншар КҮЛБАЕВ.
Тұрар Рысқұлов ауданының билігі осылайша, көгілдір отынды келер жылы кіргізбек. Бірақ, алданған ауылдықтардың ақысын алып беруге қауқарсыз. Оны әр тұрғын сот арқылы өзі қайтаруы тиіс, - дейді. Ал, ашынған халық мәселе айтылған уақытта шешімін таппаса, Батыс Еуропа Батыс Қытай тас жолын жабамыз деп отыр.
Мерей Бает, Олжас Ерғали, Мейіржан Ерболатов «Алматы арнасы» Жамбыл облысынан